Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институты ашылды. Бұл жөнінде Оқу орнының ашылу салтанатына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, институт жұмысына сәттілік тіледі.

Салтанатты шараға Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Білім жолының маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ Бас мүфти жаңа ислам институтының директоры қызметіне Бағдат Манабаевтың тағайындалғанын хабарлап, қызметіне табыс тіледі. PhD доктор Бағдат Манабаев осыған дейін Нұр-Мүбарак университетінің Араб және ағылшын тілдер кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған болатын. Салтанатты шара барысында абайтанушы-ғалым, профессор Ғарифолла Есім, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. 

«Бұл орталықтың мақсаты – имамдарға терең білім беру, классикалық еңбектерді оқыту, араб тілін жетік меңгеруіне ықпал ету, діни мәселелерді түсіндіру қабілетін ашу. Сондай-ақ діни білім іздеп шетелге кететін жастардың өз елімізде білімін жетілдіруіне мүмкіндік береді. Сығанақ көшесінің бойында орналасқан Ислам институтына елімізден шыққан дін ғұламасы Хусамуддин ас-Сығанақи бабамыздың есімі беріліп отыр»,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы 

Сондай-ақ институтта Нұр-Мүбарак университетін, ҚМДБ-ға қарасты медресе-колледжерді тәмамдаған түлектер мен имамдар білімін тереңдете алады. Сонымен қатар жас қариларды жігерлендіру мақсатында институт жанынан Ижаза беру орталығы ашылған. 

«Бірнеше бағыттан тұратын Ижаза беру орталығын тәмамдаған шәкірттер ижаза куәлігіне қол жеткізеді. Бұл – терең діни білім алам, Құранды толық жаттаймын деген жас мамандардың, болашақ ғалымдардың рухани әрі ғылыми орталығы болады деген сенімдемін» деді ҚМДБ Төрағасы. 

Орталыққа 50-ге жуық дін қызметкерлері қабылданды. Олар екі жыл бойы білімін жетілдірмек. Бұл жөнінде ҚМДБ-ның www.muftyat.kz сайты хабарлады.