Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Нұр-Мүбарак университетінің алдағы кезеңге арналған жоспары талқыланды. Қасиетті Құранмен басталған алқалы жиынды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жүргізіп қос тарапты таныстырып өтті…

НҰР-МҮБАРАК ЕГИПЕТ ИСЛАМ МӘДЕНИЕТІ УНИВЕРСИТЕТІ ҚАМҚОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ 8-ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Төрт жыл сайын өтетін Қамқорлар Кеңесінің кезекті 8-ші отырысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Мысыр Араб Республикасы Уақыфтар министрі Мұхтар Жұманың тең төрағалығымен 15 адам қатысты. Күн тәртібінде Нұр-Мүбарак университетінде 2018-2022 жылдар аралығында атқарған жұмыс есебі, басшылықтың өкілеттігін ұзарту, т.б.

Жақында ғана жаңадан қызметке кірісікен ҚР АҚД министрі Дархан Қыдырәлі «Әлемдік дәстүрлі діндер съезі аясында өздеріңізбен жүздескеніме қуаныштымын. Мысыр елі әлемдік діндер диалогына өте зор үлес қосып келеді, сондықтан бүгінгі үлкен делегацияның келуін жоғары бағалаймыз,»- деді.

Сондай-ақ келесі басқосулар осындай тарихи отырысқа сәйкес келеді деп күтеміз деген лебізімен әріптестік ынтымақтастыққа сенім білдіре келе Нұр-Мүбарак университетінің еліміздегі ерекше орнын атап өтті. Сөз барысында жалпы экстремизм мен терроризмнің тамыры надандықтан, білместіктен туындайтындығына тоқталды. «Бұл тұрғыда діни ағартушылық жұмысты жандандыруға ықыластымыз,»- дей келе Нұр-Мүбарак университетінің атқарып жатқан қызметіне жоғары баға берді