Елімізде тұңғыш рет өткен Жас діни лидерлердің «Ортақ болашақ жолында: жас көшбасшылардың дінаралық диалогты нығайтудағы рөлі» атты форумы бүгін сәтті аяқталды.

НМУ ПРОРЕКТОРЫ ЕРШАТ ОҢҒАР ЖАС ДІНИ ЛИДЕРЛЕР ФОРУМЫНДА ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ ҮНДЕУІН ЖОЛДАДЫ

ARM_3161

Елімізде тұңғыш рет өткен Жас діни лидерлердің «Ортақ болашақ жолында: жас көшбасшылардың дінаралық диалогты нығайтудағы рөлі» атты форумы бүгін сәтті аяқталды. Форумның пленарлық отырысы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Ватикан, БАӘ, Ұлыбритания, АҚШ, Бенин сынды елдерден келген мәртебелі қонақтар сөз сөйледі.

Қазақстан атынан форумда Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор Ершат Оңғар жастарға қолдау көрсетіп, жігер берер сөз сөйледі:

    «Жалпы, жас ұрпақ – келешек әлемнің құрылысшылары. Бүгінгі жас лидерлер алдыңғы буын қалдырған мұраны сақтап қана қоймай, болашақты өз қолдарымен қалыптастырады. Бұл болашақтың негізі өзара сыйластыққа, сенімге және ашықтыққа құрылуы тиіс. Діндер арасындағы диалог – төзімділік танытып, бейбіт өмір сүрудің негізгі шарты. Қазіргі жастар түсініспеушіліктің орнына көпірлер салуға, қоғамды жақсартуға үлес қосуы қажет»,— деді НМУ проректоры.

     Сонымен қатар, Ершат Оңғар дінаралық келісім мен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Оның ойлары форумның негізгі мақсатына сай, рухани және діни құндылықтарды жастар арасында нығайтуға зор үлес қосты.

      Тәуелсіздік сарайында өткен форумда интерактивті көрмелер (Art-аймағы, Book-аймағы, Info-аймағы, Fair-аймағы) ұйымдастырылып, қатысушыларға «Өзгерістер дәуіріндегі сенім» атты бейнеролик көрсетілді. Отырыстар «Әлемнің тұрақты дамуындағы жас лидерлердің рөлі», «Цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтар», «Мәдениеттер мен діндер диалогындағы жас лидерлердің рөлі» секцияларымен жалғасты.

      Форум әлемнің түкпір-түкпірінен келген жастардың дінаралық түсіністік пен диалогты нығайтудағы рөлін айқындап, оларға жаңа бағыт-бағдар беруге арналған маңызды басқосу болды.