Бүгін Нұр-Мүбарак университетінің ұжымы мен оқытушы-профессорлық құрамымен Астанадан ат терлетіп келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы кездесті.
Кездесу барысында Бас мүфти: «Осы жылдың 10 қыркүйегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университеті Қамқоршылар кеңесінің тоғызыншы отырысы өтті.
Онлайн форматтағы жиынға мүфтият өкілдерімен қатар Қазақстан тарапынан ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің өкілі Жұмабек Рауан, Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф, Мысыр Араб Республикасы тарапынан Уақыптар министрі шейх Усама әл-Әзһари және Қамқоршылар кеңесінің өзге де мүшелері қатысты.
Кеңес отырысында еліміздегі бірегей діни білім беретін Нұр-Мүбарак университетінің жаңа ректоры мен проректорын тағайындау, сонымен бірге білім ордасының жұмысын жетілдіру мен одан әрі дамыту жөнінде арнайы Комиссия құру жөнінде пікір алмасу өтті. Кеңес мүшелері осы жоғары оқу орнында білім беру сапасын одан әрі дамыту және заманауи оқу бағдарламасын әзірлеу керектігіне назар аударды»,- деді ҚМДБ Төрағасы.
Жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов сөз сөйлеп, жаңа оқу жылында Нұр-Мүбарак университетінің ұжымына сәттілік тіледі. Бұл туралы www.muftyat.kz хабарлады.
© Copyright 2024 All Rights Reserved