Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде «Қазақстандағы қолжазба қорлар: сақтау және зерттеу» атты ІІ халықаралық семинар өз жұмысын бастады.

НҰР-МҮБАРАК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚОЛЖАЗБА ҚОРЛАР: САҚТАУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ» АТТЫ ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР БАСТАЛДЫ

0S2A3524

Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде «Қазақстандағы қолжазба қорлар: сақтау және зерттеу» атты ІІ халықаралық семинар өз жұмысын бастады. Ашылу салтанатында ректор, профессор Ахмед Хусейн М. Ибраһим барша қатысушыларды құттықтап, семинардың табысты өтуіне тілек білдірді. Сондай-ақ Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ОИС) жанындағы Ислам тарихын, өнерін, мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) Бас директоры, профессор Махмуд Эрол Қылыш та видеоқұттықтау жолдап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал НМУ проректоры, PhD доктор Ершат Оңғар ертеңгі Республика күнімен құттықтап, тәуелсіз еліміздің тарихы мен мәдениетін зерттеуде қолжазба қорларының маңызы зор екенін атап өтті. Ол: «Тарихи қолжазбаларды зерттеу саласындағы ұйымдар мен білім ордалары өкілдерінің университетімізде бас қосып, бірлесіп жұмыс істеуі үлкен қуаныш. Бұл осы ордалар арасындағы синергияға жол ашу арқылы, ықпалдастық арқасында бізге тың нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді»,-деп, семинар жұмысының жемісті боларына сенім білдіріп, сәттілік тіледі.

IRCICA Бас директорының кеңесшісі, профессор Әшірбек Мүминов Нұр-Мүбарак университеті, IRCICA, ҚР Ұлттық кітапханасы және Ғылым ордасының Орталық ғылыми кітапханасы бірлескен жобаға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жетекшілік жасап отырғанын атап өтті. Тарихты зерделеуші бұл жобаға жұмылып отырған барша ұйымдар мен зертетушілерге алғысын білдірді.

НМУ Ғылым және инновация департаменті ұйытқы болып отырған жиын аясында «Шығыс халықтарының жазба мұралары: Түркі әлеміндегі тарихи қолжазбалар» атты көрме ұсынылды. Семинар барысында отандық және Австрия, Мысыр, Түркия, Қырғызстан елдерінің ғалымдары осы тақырыпқа қатысты зерттеулерін ортаға салып, баяндамаларын ұсынуда.