Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде Хусамуддин ас-Сығанақи жайлы екі жаңа кітаптың тұсауы кесілді.
Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде Хусамуддин ас-Сығанақи жайлы екі жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Нақтырақ айтсақ, Хусамуддин ас-Сығанақидің «Құрдымға бастар қатерлерден құтқару» және Керім Шамшәдиннің «Ғұлама Хусамуддин ас-Сығанақи» еңбектеріне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР МА министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) Бас директорының кеңесшісі профессор Әшірбек Мүминов, НМУ ректоры, профессор Ахмед Хусейн Ибраһим мен проректор, PhD доктор Ершат Оңғар, «Сунақ ата» қорының ҚР ҰА академигі Жәрменов Әбдірәсіл бастаған азаматтардың ақ батасымен қоғамға жолдама алды.
Хусамиуддин ас-Сығанақидің «Құрдымға бастар қатерлерден құтқару» еңбегінде Құрандағы бұйрықтар тек пайғамбар заманындағы халыққа ғана емес, барлық мұсылман қауымға қарата айтылғандығы жеткізіледі. Сондай-ақ Алланың әмірі тек ерлерге немесе әйелдерге деп бөлінбейтіндігі, күллі мұсылман жұртшылығына бағытталатыны баяндалады. Ғұлама Құран, хадис, ижмах және логикалық дәлелдерді басшылыққа алып, нақты дәлелдермен сол уақыттағы кейбір топтардың көзқарасына жауап берген. Еңбектегі дәйектер заманымыздағы кейбір күмән тудырған мәселелердің шешімін табуға көмектеседі.
Шамшәдин Керімнің «Ғұлама Хусамуддин ас-Сығанақи» монографиясы қазақ жерінен шыққан атақты дін ғалымының өмірі мен ғылыми ортасы, ұстаздары мен шәкірттері, еңбектері туралы толық мәлімет береді. Ғалымдар мен ізденушілер үшін таптырмас еңбек кітапханалардан жиналған деректерге сүйенген.
ҚР ҒЖБ министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы ғылыми бағдарламаларындағы «Қазақстандағы дәстүрлі ислам: ғылыми-тәжірибелік негіздері мен дамыту жолдары» атты жобасы аясында жарыққа шыққан еңбектер исламтану ғылымын дамытуда, халықтың рухани мұрасын ұлықтауда және жастар арасында ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда өте құнды.
«Хусамуддин әс-Сығанақи: Алтын ордалық ізбасарлары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның тұздығы болған тұсаукесер, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалғасын табатынын көрсетіп, білім мен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған үлкен қадам болды.
© Copyright 2024 All Rights Reserved