Нұр-Мүбарак университетінде дерадикаландыру мен оңалту аясындағы курс тыңдаушыларына сертификат берілді

Арнайы бағдарлама бойынша Нұр-Мүбарак университетінің оқытушы-профессорларынан дәріс алған Алматы облысының теолог мамандары жат-ағымдарға қатысты екі күн бойы жан-жақты жарақтанды.

 «Дерадикаландырудың заманауи тәжірибелері және оңалту жұмыстарының тәсілдері» бағытында оларға ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жиндиден бастап проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев, осы салада білгір оқытушы ғалымдар PhD Асқар Әкімханов, ал PhD докторанттар Оралхан Сейдманов, Ернар Есімқұлов, Тимур Нүсіпхан, Нұржан Смағұлов, Нұржан Стамбакиев білім мен тәжірибелерін үйлестіріп дәріс өтті.

Радикалсыздандырудың теологиялық әдіс-тәсілдері, діни конфликтің себептері мен алдын-алу жолдары, шариғаттағы сұхбат жүргізудің әдіс-тәсілдері, имам Матуридидің жат ағымдармен күрестегі ғылыми әдіснамасы, қазіргі замандағы пікірталас тудырған діни мәселелер жөніндегі дәрістер дінтанушы мамандарға жаңа серпін бергендей. Әрі олар да көкейлеріндегі сан түрлі сауалдарын ортаға тастап, жауап алды.

Алматы облысының дін істері басқармасы жат діни ағымдарға қарсы жүйелі жұмыс нәтижесінде аймақтағы діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде. Нұр-Мүбарак университетімен меморандум аясында «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» биыл да бірнеше жобаларды жүзеге асыра бастады. Бұл шараның алдында ғана университет жанындағы  Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы «Жусан» операциясымен елге оралған жетісулық қыз-келіншектерге арнайы курстар бастаған болатын.

Пандемиялық жағдайға сай барлық санитарлық нормалары ескеріліп білімдерін жетілдірген жетісулық 25 теологқа бүгін арнайы сертификаттар табыс етілді.

 

Айша КЕҢЕСБАЙ
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

1٬988