«ТӘЛІМІ МІНСІЗ ТӘЛІМГЕР – МҰХАММЕД (С.А.С.)» КӨПШІЛІКТІ ТӘНТІ ЕТТІ

«Иә, ол патша болатын. Бірақ сіз ойлағандай емес, үлде мен бүлдеге оранып, қызметшілер жүгіртіп, тойып ас ішіп, құс жастықта жантайып жатқан патша емес, жүректердің патшасы болатын. Сондықтан да әлі күнген дейін Оның өміріне таңдай қағып, миллиардтаған адам Оның жолымен жүріп келеді. Ақиқатын айтқанда «Ол -жүректердің патшасы».

Қасиетті Құран аятымен шымылдығы түріліп, белгілі сазгер, әнші Жәкен Омаров бастаған топтың мәуліт жырын оқып, салауат айтуымен ашылған мерейлі мәуліт кешіне келгендер көп болды. Беташар сөз сөйлеген ректор, профессор Мұхаммад әш-Шаххаттың адамзаттың абзалы Мұхаммед (с.а.с.) жайлы тағылымды сөздері көпшілікке ой салып, жүректерді тербеді.

«Қасиетті Құранда «(Мұхаммед (ғ.с.): «Олар Алланың кеңшілігі, мәрхаматымен болған осылармен қуансын. Өйткені Құран олардың жиған-тергендерінен хайырлы» де» деген аят бар.

Біз осы мәуліт арқылы қуанышымызды бөлісіп жатырмыз. Себебі кейбіреулер айтқандай, мәуліт – бидғат емес. Мәулітті діни қағидаларға қайшы дейтіндей еш дәлел жоқ. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі туған күнінің құрметіне шүкірлік етіп, бейсенбі күні ораза тұтқанын білеміз. Осындай күні біз Пайғамбарымыздың адами құндылықтары жайлы насихат айтып, қоғамдағы мейірім мен адамгершілік, қайырымдылық қағидаларына бағыт-бағдар беруді қалаймыз,»-деп ректор Алла елшісінің (с.а.с.) өнегелі өмірінен ғибраттармен бөлісті.

Мәуліт салтанатында сыр сүлейі, жыршы, термеші Марат Сүгірбай, Сержан Әлібек тағылымды терме мен әуезді әннен шашу шашса, университетіміздің магистранты айтыскер Сырым Әуезхан мен Бекжан Базарбектің айтысы тартысты өтіп, көпшілікті серпілтіп тастады. Әсіресе, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың балалар мен жасөспірімдер театрының әртістерінің «Шығыстанушы, Батыс, ғалымдарындағы Пайғамбар (с.ғ.с)» бейнесі атты қойылымы көрермен көңілінен шықты. Студенттер де Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірінен тағылымды көрініс ұсынды.

Біздің мақсатымыз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғибратты ғұмырынан тәлім алып, өнегелі өмірін насихат ету. Сондықтан бүгінгі мәулітте Алла елшісінің (с.а.с.) өмірін сан қырлы, күнделікті байқай бермейтін құндылықтарын қамтуға тырыстық,-

Мәуліт барысында Пайғамбар (с.а.с.) сирасына қатысты марафон жеңімпазына «ER-ALIKO RAUDA» компаниясы умра қажылығын тарту етті. Сондай-ақ мүшайра жеңімпаздары марапатталды. Мәуліт шарасында ислам калиграфиясынан мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүйікті тағамдарынан жасалған көрме көпшілік көңілінен шықты.

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі   

1٬143