НАУРЫЗ

Ұлтымыздың шуақты мерекесі - Наурыз

Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен сән-салтанатына бөлеген әз Наурыз көпшілікті қуанышқа бөледі. Таңнан 3 киіз үй, буы бұрқыраған 6 қазанда 300 литр наурыз көже, 100 кг палау әзірленіп жатты. Ұлттық оюмлы киіз үй, қолөнерлер көрмесі көпшілікті тәнті етті. Ұлттық нақыштағы киім киген елдің жүзі қуаныш пен ризашылықта.

....Мереке беташарында ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат Наурыздың ұлттық сипатына тоқталып, түркі, парсы елдерінде ежелден көктемде тойланатын мерейлі дәстүр екенін айта келе, Ұлыстың ұлі күнімен құттықтады.

....Ал ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы: «Наурыз – мыңдаған жылдар бойы жалғасып, түркі, парсы елдерінің болмыс, дәстүрімен ұштасып келеді. Бұл көшпенділердің, түркілердің төл мерекесі. Хз. Алидің (р.а.) парсы елдеріне келгенде Наурызға қатысты бата берген»,-деді. Әрі шәкірттерге арнап ҚМДБ атынан қазан асып жатқаны көпшілікті қуантты.

Ал проректор, доцент қайрат Құрманбаев Наурыздың философиялық астарына, мән-маңызына тоқталды: - Наурызды ыстық аймақта, өзге өңірдегілер бағалай алмас. Ал қытымыр қыстан шығып, аузымыз аққа, мал көкке ілініп, төл төлдеп, халық жаңа тіршілікке қолы жетіп, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп дұға етеді. Ұлтымыздың табиғатына тән бұл мерекеде ешқандай діни сипат, діни үкім, рәсім жоқ. Қазіргі ұлттық құндылықтар жойылып жатқан жаһандық кезеңде Наурыз мерекесіне ерекше мән беру – өте маңызды,-деді.

        Белгілі өнер жұлдыздары: М.Арынбаев, Алатау серілері рухты әннен шашу шашып, термеші Біржан Бәзілжан халық қазынасын төгілтіп, күйші Еркін Құдайберген күмбірлетік күй шертсе, суырып салма Сырым Әуезхан мен Райымбек Өтеповтердің сөз өнерінің кереметін айтыспен әспеттеді.
    «Салиқалы ұрпақ», «Білім-қазына» қайырымдылық қорларының демеушілігімен дүбірлі той ұлттық ойын, спорттық сайыстарға ұласты. Гір тасы, қой көтеру, қол күресі, арқан тартыс өтіп, футболдан турнир де қатар жүріп, мықтылар анықталды. Жеңімпаздарға ақшалай және заттай сый-сыяпат жасалды. Дастархан жайылып, наурызкөже, палау, ыстық бауырсақ, ірімшік-құрт, тәтті-пұттыға көмілген халықтың көңілі шат-шадыман болды!


    Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

     

    1٬182