НҰР-МҮБАРАК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІР ТОП ҒАЛЫМДАРЫ ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНЕ ҚАТЫСУДА

Бүгін Өскемен қаласында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Ғұламалар кеңесінің ХХХ мәжілісі басталды. Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев бастаған университеттің бір топ ғалымдары Кеңеске мүше болғандықтан, барлығы мәжіліске толық құрамда қатысуда.

Бұл мәжілісте 1 концептуалды құжат, 2 ғылыми жоба талқылануда. Сондай-ақ түрлі тақырыпта жазылған 11 пәтуаның мазмұны қаралуда. Атап айтқанда, нәпақа берудің үкімі, түсік құны туралы үкім, жасанды түсіктің төлемі, жалға алған мүлікті жалға беру үкімі, үй құстарын механикалық аппаратпен бауыздау үкімі, боза ішу үкімі, т.б. пәтуалар мазмұны талқылануда.

Кеңестің кезекті мәжілісін ашқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Ғұламалар кеңесі шариғат негіздеріне сүйеніп, мұсылман қауымы арасында туындаған түйткілді мәселелерді талқылап, дер кезінде шешім шығарып, пәтуа қабылдап келеді. Ғұламалар кеңесі осы уақытқа дейін 35 концептуалды құжат қабылдап, шариғат аясында отбасы және неке мәселесі, медицина, құқық, қаржы, т.б. салалар бойынша 100-ге жуық пәтуаны бекітті. Сонымен қатар кеңес жұмысында өзекті тақырыптарды қамтыған 8 кітапты талқылап, баспаға ұсынды. Игі іске үлес қосқан ғұламаларға айрықша алғысымды білдіремін» деп, ғалымдарға сәтитілік тіледі.

Наурызбай қажы Тағанұлы 

ҚР Бас мүфтиі

Кеңес жұмысы 3 күнге, яғни 7, 8,9 маусым күндеріне жоспарланған.

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

193