www.muftyat.kz хабарлағандай, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әуелі Алматы Орталық мешітінде ардагер имамдармен кездесті. Жиынға ҚМДБ-ның түрлі кезеңдерінде қызмет атқарып келе жатқан ахундар мен дін қызметкерлері қатысты. Олар мүфтият жұмысының нәтижелілігі, діни ағартушылық пен қоғамдағы рухани тұрақтылықты қамтамасыз етудегі іс-шаралар жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Бас мүфти ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, ұйымның құрылған күнінен бергі өсу жолына тоқталды.
Наурызбай қажы Тағанұлы имамдық қызметтің жауапкершілігі жоғары екенін атап өтіп, дін қызметкерлерін руханият жолында, халыққа шынайы қызмет етуде ынтымақты арттырудың өзектілігін насихат етті. Ардагер имамдарға ҚМДБ атынан Алғыс хаттар табыстап, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ мүфтилер алқасының кезекті отырысы өтті. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтиятты әр жылдары басқарған мүфтилермен жүздесіп, келелі мәселелер туралы талқылау жасады. Наурызбай қажы Тағанұлы тұңғыш мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлының 1990 жылғы 12 қаңтарда Орталық мешітте өткен тарихи құрылтайда ҚМДБ-сын қайта құру туралы тарихи шешімді жариялап, Бас мүфти болып сайланғанын еске салды. Бас мүфти мүфтияттың аяқтан тұруына зор үлес қосқан хазіретке зор алғыс білдіріп, тұңғыш Бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлына жаңа темір тұлпар мінгізіп, дәстүрімізге сай шапан жапты.
Салтанатты шарада мүфтилік қызмет атқарған Ержан қажы Малғажыұлы мен Серікбай қажы Оразға құрмет көрсетіп, шапан жапты.
Осылайша, ҚМДБ-ның 35 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралар қоғамда дінге қызмет етіп келе жатқан аға буын өкілдеріне ілтипат көрсетіп, өскелең ұрпаққа өнегелі рухани сабақ ұсынды. Алматыдағы бұл игі шаралар еліміздегі діни-рухани жұмыстардың сапасын арттырып, бірлік пен татулықтың артуына септігін тигізері анық.
© Copyright 2024 All Rights Reserved