ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ТАҚУА АДАМДАРДЫҢ ӨМІРІН ЗЕРТТЕУ – БІЗДІҢ ЖІГЕРІМІЗДІ ЖАНДАНДЫРЫП, БАТЫЛДЫҒЫМЫЗДЫ АРТТЫРУҒА, ОЛАРДЫҢ ІЗІМЕН ЖҮРУГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

0S2A2999

«Ғылыми және тақуа адамдардың өмірін зерттеу – біздің жігерімізді жандандырып, батылдығымызды арттыруға, олардың жолымен жүруге, мінез-құлықтарына еліктеуге, әрі олардың даңқын қайта жандандыруға негіз береді», — деді Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Ахмед Хусейн Мухаммад бүгінгі конференцияда. Сондай-ақ НМУ ректоры «Хусамуддин әс-Сығнақи: Алтын ордалық ізбасарлары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға келген мәртебелі меймандарға алғысын білдіріп, басқосуға береке тіледі.

Нұр-Мүбарак университеті мен ҚМДБ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығымен (IRCICA) бірлесіп ұйымдастырған халықаралық конференцияға Қазақстаннан бөлек, Австрия, Түркия, Қырғызстаннан ғалымдар қатысып, ой бөлісті. Пленарлық отырыста профессор Филипп Брукмайр (Австрия) «Садр әл-Шариға әс-Сани әл-Махбуби әл-Бухари (қ.ж. 747/1346) және оның Матуриди дәстүріне қосқан үлесі: қолжазба деректердегі түсіндірмелік-салыстырмалы дәлелдер», профессор Әли Тариқ Зиад Илмаз (Түркия) «Хусамуддин әс-Сығнақидың «Дәмиға әл-мүбтадиин уа насират әл-муһтадин» атты трактаты және оның тахқиқы», Уланбек Калмурзауулу (Қырғызстан) «Хорезм фиқһ мектебінің өкілдері және олардың әс-Сығнақиге әсері (ғибадат мәселесінде)», PhD Құрманбаев Қайрат «Хусамуддин әс-Сығанақидың хадис іліміндегі орны», PhD Мұхаммед Рызық Шуаир «Мағыналық әріптердің мағынаны өзгерту әсері және фиқһ ғалымдарының көзқарастары: Сығнақидың «әл-Уафи фи усул әл-фиқһ» кітабындағы зерттеу» тақырыптары көпшілікке ұсынылды.

Сондай-ақ халықаралық басқосу келесі секцияларда жалғасты:

•Хусамуддин әс-Сығнақи мұраларын зерттеудегі жаңа нәтижелер;

•Хусамуддин әс-Сығнақидың Алтын Ордалық мектебі;

•Хусамуддин әс-Сығнақи мектебінің мұрасы және қазіргі қоғам;

• Бабалар мұрасы: зерттелуі мен аудармалары.

Айта кетсек, конференция ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы ғылыми бағдарламалардағы «Қазақстандағы дәстүрлі ислам: ғылыми-тәжірибелік негіздері мен дамыту жолдары» атты жобасы аясында (BR24993035) өтті. Жоба 24 қазанда «Қазақстандағы қолжазба қорлар: сақтау және зерттеу» атты тақырыптағы ІІ халықаралық семинармен жалғасады.