Мерейлі Мәуліт айының құрметіне Нұр-Мүбарак университетінде PhD доктор, қаум. профессор Алау Әділбаевтың пайғамбарымызға (с.а.с.) арналған «Сахабалардың Пайғамбарға ﷺ деген сүйіспеншілігі» атты кітабының таныстырылымы өткені белгілі. Қасиетті Құран мен Пайғамбарымызға ﷺ мәуліт жыры оқылған рухани кеште жиылған жамағат елге танымал ұстаздардың насихаты арқылы дүниетанымын кеңейтіп, білімін арттыра түсті.
Алғысөз сөйлеген НМУ проректоры, PhD доктор Ершат Оңғар халқымыздың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ұстанымына сай, Алау Шайқымұлының қазақ қоғамына, дін ғылымына, шәкірт тәрбиесі мен маман даярлауға қосқан үлесіне ерекше тоқталды.
«Алау Әділбаев ұстаздың Тәуелсіз Қазақстандағы ислам ғылымы мен дін саласында атқарған еңбегі орасан. Еңбегіне марапаттары мен құрметтері, Нұр-Мүбарак университетіндегі атқарған еңбегі өлшеусіз. Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығында зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, ислам саласында жаңа еңбектер жазып, әрі «Исламтану» кафедрасында «Ислам құқығы», «Құран Кәрімдегі мораль мәселелері» сияқты бірқатар пәндерден дәріс береді.
Ал дін саласына, ислам әлеміне қосқан еңбектеріне оралсақ, 80-нен ғылыми мақалалары, кітаптары Қазақстандағы ислам туындыларының көшін бастап келеді.
Алау Шайқымұлындай білімі мен әдебі, даналығы мен қарапайымдылығы ұштасқан ғалым ұстаз қазақ қоғамына аудадай қажет. Себебі «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деген, Тәуелсіз Қазақстан жастарының бойындағы имандылық пен сұңғыла қасиеттерін шыңдауда ұстаздардың үлесі орасан»,-деп, профессор Алау Әділбаевтың университеттің мақтанышы әрі қазақ жастарына үлгі болар тұлға екендігіне тоқталып, авторға толағай табыстар тіледі.
Сондай-ақ Пайғамбарымыздың құрметіне авторды қолдап келген елге танымал ұстаздар Ерлан Ақатаев, Қабылбек Әліпбайұлы тағылымды насихаттарымен бөлісті. Ал «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті Амангелді қажы Әбдіхалық Пайғамбарымыз ﷺ жайлы ғибраттармен қатар, көрермендерге қасиетті Меккеге екі жолдама тарту етті.
Автор «Сахабалардың Пайғамбарға ﷺ деген сүйіспеншілігі» атты кітабы ең алғаш Мәуліт мерекесінде баяндама ретінде жазылғанын жеткізді. Ол көпшіліктің сұрауы мен талабына сай кеңірек жазылып, оқырманға кітап болып жол тартты.
© Copyright 2024 All Rights Reserved