Университет тарихы
Ислами университеттің іргетасы қаланды
1993 жылы ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мысыр еліне алғашқы ресми сапарын жасады. Египет Араб Республикасының (ЕАР) президенті Хұсни Мүбаракпен кездесу барысында тәуелсіздікке жаңа қол жеткізген Қазақстанға «ерекше сый» ретінде үлкен қолдау көрсетілді. Қос президент Мысыр елінің қолдауымен Қазақстанда Ислам орталығын салу туралы маңызды келісімге қол қойды.
1993 жылы 16 маусымда Алматы қаласында Президент Н.Ә. Назарбаев пен ЕАР Уақыфтар министрі Мұхаммед әл-Махжуб болашақ Ислам орталығының іргетасын қалады. Бұл бастама Қазақстан мен Мысыр арасындағы рухани байланыстарды нығайтушы Ислам орталығы ғана емес, болашақ ислами университеттің іргетасы болды.
Жаңа оқу орны жарғысының жобасы мақұлданды.
2001 жылы 30 мамыр мен 1 маусым аралығында Египет Жоғары дін істері кеңесінің дәстүрлі конференциясына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі бастаған делегация арнайы шақыртумен барды. ЕАР-дағы ҚР-ның Төтенше және Өкілетті елшісі А.Мусинов, елшіліктің бірінші хатшысы Қ.Лама-Шариф, ҚМДБ жанындағы Ислам институтының ректоры Ш.Керім, екінші тараптан Египет Уақыфтар министрі Махмұд Хамди Зақзұқ бастаған жұмыс тобы құрылды. Кездесуде жаңа оқу орны жарғысының жобасы мақұлданды.
Жарғыны дайындау жұмыс тобына Египет тарапынан Каир университетінің профессоры М.Ф.Хизажи, Мұсылман университеттері лигасының Бас хатшысы Жаппар Абду Салам Әли, профессор Хасан Хамид тартылды.
Университетке жалпы басшылық жасап, қызмет ету үшін Қамқоршылық кеңесі құрылды.
2001 жылы 18 маусымда Алматы қаласында екі ел үкіметі арасындағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті туралы келісімге Қазақстан үкіметі атынан ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ЕАР үкіметі тарапынан Уақыфтар министрі Махмұд Хамди Зақзұқ қол қойды. Келісімге сай Университетке жалпы басшылық жасап, қызмет ету үшін Қамқоршылық кеңесі құрылды. Оған тең төраға болып екі жақтың салалық министрлері, мүшелікке екі тараптан 8 (сегіз) адамнан лауазымды тұлғалар, ректорлыққа Мысыр азаматы, проректорлыққа Қазақстан азаматы тағайындалатыны нақтыланды.
Тарихи келісімге қол қою салтанаты Қамқоршылық кеңесінің тұңғыш отырысымен жалғасты. Отырыстың күн тәртібінде университет Жарғысы және талапкерлерді оқуға қабылдау ережесін бекіту, ректор мен проректорды тағайындау қарастырылды.
Қос тарап құрылтайшылары ұсынған академик, профессор Махмұд Фаһми Хижази – ректор, филология ғылымдарының докторы Шамшәдин Керім проректор болып тағайындалды.
Оқу ордасында алғашқы дәрістер басталды
2001 жылдың тамыз айында алғашқы қабылдау емтихандары өтіп, түрлі өңірден келген 56 талапкер таңдалды. Нұр-Мүбарак университетінің ашылуымен ҚМДБ жанындағы Ислам университеті жабылып, оның төрт египеттік оқытушысы мен 20 студенті жаңа университетке ауыстырылды.
1 қыркүйектен оқу ордасында алғашқы дәрістер басталды.
Оқу корпусының жобасы тапсырылды
2004 жылы 27 наурызда ҚР Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев университетке арнайы келіп, тыныс-тіршілігімен танысты. Министрмен кездесуге Бас мүфти Ә.Дербісәлі, Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.Х.Бижанов қатысты. Кездесу нәтижесінде министр жаңа оқу корпусының жобасын Бас сәулет академиясының басшылығына тапсырды.
2004 жылы университет мемлекеттік аттестациядан өтті және алғашқы түлектерге мемлекеттік үлгіде диплом берілді.
2006 жыл 13 наурызда Алматыда Қамқоршылық кеңесінің екінші отырысы өтті. Оған Қазақстан тарапынан ҚР Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова, ЕАР тарапынан Махмұд Хамди Зақзұқ тең төрағалық жасады. Мәжіліске Мысырдың Бас мүфтиі Әли Жұма, әл-Әзһар университетінің ректоры Ахмед Мұхаммад ат-Таииб, Каир университетінің ректоры Әли Әбд әр-Рахман қатысты. Мәжілісте университет құрылысының екінші кезеңге жалғасуы, Бас әкімшілік ғимаратын Мысыр тарапы, ал студенттер жатақханасын Қазақстан жағы салу турасында шешім қабылданды.
Мысырлық құрметті қонақтар ас-Саид ат- Тантауи мен Махмұд Хамди Зақзұқ университеттің тыныс-тіршілігімен танысып, студенттермен кездесті.
2006 жыл 13 қыркүйекте Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов ЕАР-дан келген әл-Әзһардың ұлық имамы ас-Саид ат- Тантауи мен Уақыфтар министрі Махмұд Хамди Зақзұқ, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі, ректор, профессор Махмуд Хижази, проректор, профессор Шамшәдин Керімді қабылдады.
2006 жыл 14 қыркүйекте мысырлық құрметті қонақтар ас-Саид ат- Тантауи мен Махмұд Хамди Зақзұқ университеттің тыныс-тіршілігімен танысып, студенттермен кездесті.
Оқу корпусы пайдалануға берілді
2009 жылы жаңа оқу ғимаратының құрылысы басталып, 2011 жылы пайдалануға берілді. Жалпы көлемі – 6 918, 6 м2.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев оқу орнына келіп, университеттің тыныс-тіршілігімен танысты.
2011 жыл 22 қазанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев оқу орнына келіп, университеттің тыныс-тіршілігімен танысты.
Университеттің 15 жылдық мерейтойы
2016 жылы 2 маусымда университеттің 15 жылдық мерейтойына арналған «Ислами білім беру орындары және олардың жаңсақ түсініктерді түзетудегі рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға ҚР Мәдениет және спорт Вице-министрі Марат Әзілханов, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, ЕАР Уақыфтар министрі профессор Мұхаммад Мұхтар Жұма, ЕАР мүфтиі профессор Шауқи Ибраһим Әллам қатысты.
Нұр-Мүбарак ЕИМ университеті Қазақстанның ТОП-20 үздік жоғары оқу орындары қатарына енді
2018 жыл мамырда Ұлттық рейтінг бойынша Нұр-Мүбарак ЕИМ университеті Қазақстанның ТОП-20 үздік жоғары оқу орындары қатарына енгені жарияланды.
Тәуелсіз аккредитация және рейтинг агенттігіне (НААР) Қазақстанның жалпы рейтингіне 58 жоғары оқу орны өтінім берген (6 ұлттық, 21 мемлекеттік, 7 акционерлік және 24 жекеменшік білім беру ұйымдары бар). Рейтингте университеттердің білім беру сапасы, түлектердің жұмысқа орналасуы, оқытушылар мен студенттердің академиялық мобильділігі, ғылыми зерттеулердің бәсекеге қабілеттілігі секілді негізгі көрсеткіштер ескерілді.
Қамқоршылар кеңесінің кезекті мәжілісінде басшылықтар тағайындалды
2018 жыл 9 қыркүйекте ЕАР астанасы Каир қаласында университеттің Қамқоршылық кеңесінің кезекті мәжілісі өтті.
Қамқоршылық кеңесі ректор лауазымына профессор Мұхаммад әш- Шаххат әл-Жиндиді, ал проректорлыққа РһD доктор Қайрат Құрманбаевты тағайындады.
Қамқоршылар кеңесінің кезекті тоғызыншы отырысында Нұр-Мүбарак университетінің жаңа басшылығы тағайындалды
2024 жыл 10 қыркүйекте Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университеті Қамқоршылар кеңесінің кезекті тоғызыншы отырысы өтті.
Онлайн форматтағы жиынға Қазақстан тарапынан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ал Мысыр Араб Республикасы тарапынан Уақыптар министрі шейх Усама әл-Әзһари, Мысыр мүфтиі Назир Аяд, сондай-ақ Қазақстанның осы елдегі Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф пен Қамқоршылар кеңесінің өзге де мүшелері қатысты.
Кеңес отырысында Нұр-Мүбарак университетінің жаңа басшылығын тағайындай ұаралып, ректор болып PhD доктор, профессор Ахмед Хусейн Мухаммад Ибраһим, проректорлыққа PhD доктор Ершат Ағыбайұлы Оңғар тағайындалды.