НҰР-МҮБАРАК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ КӨРУ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ​ ЖӘНЕ ЗАҒИП ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН АРНАЙЫ КУРС АШЫЛДЫ

Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде ерекше курстың тұсауы кесілді. Көру мүмкіндігі шектеулі​ және зағип жандарға арналған арнайы курстың ашылуына проректор, доцент Қайрат Құрманбаев, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіпов, Тәрбие істері және әлеуметтік даму департаментінің директоры Мақсат Байзақ, Брайль оқуының маманы Шакиров Асқар қатысты.

Егер Алла бір қауымды, адамды жақсы көрсе, оған сынақ береді. Бұл өмірдегі қиындықтардың да жауабы бар. Қоғамда он екі мүшесі сау болса да рухани мүгедек жандар көп. Бірақ олар сезбейді, сол өте өкінішті нәрсе. Әлемдегі барлық нәрсе Алланың қалауымен болады, сондықтан сіздердің көз жанарларыңыздың көру мүмкіндігінің шектеулі болуына қарамастан, Құран оқып, дінімізді үйренуге жасаған қадамдарыңызға нұр жаусын,-деген проректор Қ.Құрманбаев курстың жұмысына тоқталып өтті.

Сондай-ақ осындай курстың ашылғанына қуанышын жеткізген Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіпов ерекше ықыласын білдірді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әрдайым Нұр-Мүбарак университетінің бастамаларына қолдау білдіріп, тығыз байланыста екендігін жеткізді. Бүгінгі курсты ұйымдастырған университет басшылығына алғысын айтып, осындай сауат ашу курсына қашан да көмек қолын созуға дайын екендігін атап өтті.

Бұл курс жайлы естіп, көрші Қырғыз елінен арнайы келген білім ізденушілер де бар. Ал қатысушылардың атынан сөз алған Қуанышбек Жаңабайұлы жүрекжарды қуаныштарын жеткізіп,өзі секілді көру мүмкіндігі шектеулі жандар қашанда қолдауға мұқтаж екендігін, болашақта ұзақмерзімді курстар ашылса деген бұйымтайын да жеткізді.

Дәрісті Нұр-Мүбарак университетінің түлегі, әлемдік Малайзия Ислам университетінің магистрі, Брайль оқуына маманданған Асқан Шакиров жүргізеді. Енді курсқа қатысушылар екі апта бойы Құран әліппесі, тәжуид ережелері; фиқһ; ақида; Құран жауһарлары пәндерінен сусындамақ. Бүгін алғашқы дәрісін бастаған курс 30 маусымға дейін жалғасады.

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

618