НҰР-МҮБАРАК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСШЫЛАРЫ
«ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ИСЛАМ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУДА

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Тәуелсіз Қазақстан және Ислам құндылықтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған жиынға Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мұхаммад әш-Шаххат пен проректор, доцент Қайрат Құрманбаев қатысуда.

Қасиетті Құранмен басталған алқалы жиында Тәуелсіздік жылдарында Діни басқарманың атқарған қызметі жайлы бейнебаян көрсетілді. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мерекелік алғысөзімен жалғасып, ҚМДБ Төрағасы өзге елдерден арнайы ат терлетіп келген мүфтилерге, мәртебелі елшілерге, зиялы қауым өкілдеріне ризашылығын айтып, тәуелсіздіктің қадірі мен бейбітшіліктің берекесі жайлы баяндама жасады.

Сондай-ақ Түркия Республикасы Дін істері басқармасының төрағасы Али Ербаш, Ресей Федерациясы МДБ-ның және мүфтилер кеңесінің төрағасы Равил Гайнутдин, Өзбекстан МДБ-ның төрағасы Нуриддин Холикназаров, Қырғызстан МДБ-ның төрағасы Замир Ракиев, Тәжікстан Ислам орталығы Ғұламалар кеңесінің төрағасы Саидмукаррам Абдукодирзода, Моңғолия мұсылман ұйымдары одағының төрағасы Батырбек Хадыс, РФ Алтай Республикасы МДБ-ның бас мүфтиі, Ресей Азия бөлігі МДБ-ның төрағасы Жанболат Охтаубаев, РФ Омбы және Омбы облысы МДБ-ның төрағасы Бота Бакулин, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, шетелдің еліміздегі өкілетті елшілері, өңірлердегі бас имамдар қатысуда. 

Конференцияда Туелсіздік жылдарында рухани салада жеткен жетістіктер, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Ислам дінінің дамуына қосқан үлесі мен дінаралық келісімді нығайтудағы еңбегі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың рухани саладағы бастамалары, ҚМДБ-ның қоғамдағы рөлі мен орны жайлы тақырыптар қамтылып, мұсылман мемлекеттерінің дін қайраткерлері мен еліміздің зиялы қауым өкілдері баяндама жасауда.

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

1,521