Нұр-Мүбарак университетінде 97 жастағы Құран қариы Жұмагүл апа бастаған ақ жаулықты аналар мен қажы апалар ақ батадан шашу шашты. Алматыдағы мешіт жамағаттарында Құран оқып, ел амандығы, халық игілігі, Отанымыздың болашағы үшін хатым түсіріп, дұға-тілектерін үзбейтін ақ жаулықты аналарды Нұр-Мүбарак университетіне PhD доктор Ершат Ағыбайұлының келуі айрықша қуантқан.

НМУ-ДА АҚ ЖАУЛЫҚТЫ АНАЛАРДЫҢ АҚ БАТАСЫ ЖАУҒАН КҮН

0S2A0674

Нұр-Мүбарак университетінде 97 жастағы Құран қариы Жұмагүл апа бастаған ақ жаулықты аналар мен қажы апалар ақ батадан шашу шашты. Алматыдағы мешіт жамағаттарында Құран оқып, ел амандығы, халық игілігі, Отанымыздың болашағы үшін хатым түсіріп, дұға-тілектерін үзбейтін ақ жаулықты аналарды Нұр-Мүбарак университетіне PhD доктор Ершат Ағыбайұлының келуі айрықша қуантқан. 

Балам, біз сені сонау жас шағыңнан танимыз. Мысырдан оқу бітіріп келген кезіңнен, ел игілігі, дін мүддесі үшін атқарып жүрген еңбегің көз алдымызда. Осы жаңалықты естігенде қуандық, апалармен жиылып, 97-дегі Құран хафизі Жұмагүл апамыз бастап, батамызды берейік деп келдік, – деді «Әжелер мектебінің» өкілі Балапан қажы Айтбайқызы.
Аналар белсендісі әуелі жамағаттың берекесі болып отырған қари Жұмагүл қажы Мұратқызымен таныстырып өтті. Себебі қазақ халқының ғасырлық тарихын арқалаған әже Сыр елінде дәулетті, болыстың отбасында дүниеге келіп, әулетімен қуғынға ұшырап, Ауғанстан елін паналап, кейін 30 жыл ғұмырын Мекке мен Мәдинада өткізіп, елге 1997 жылы оралған. Сөз басы Құранмен болсын деп, хафиз әже Құран оқып, батасын берді. 

Проректор PhD доктор Ершат Оңғар Жұмагүл әженің Құран оқыған мақамына, дауыс ырғағы мен сауаттылығына өте жоғары баға беріп, ризалығын білдіріп, қайтадан бата сұрады. 

Ақ жаулықты аналарға ағынан жарылып: «Бұл мен үшін күтпеген құттықтау, төбемді көкке жеткізіп отырсыздар. Сіздерге ризашылығымды жеткізе алар емеспін», – деп, әрбір анаға өзінің қасиетті Құран аудармасы мен тәпсірін сыйға тартты. Ақ жаулықты аналар да қуанып, бұл ерекше тарихи сәттен естелік болсын деп суретке түсті. 

«Қазақтың дәстүрін жаңғыртып, атқа қонған ұланына ақ батасын жаудырған аналарымызға Алла разы болсын», – деді проректор Ершат Ағыбайұлы. Ол ақ жаулықты аналардың ақ батасы Нұр-Мүбарак университетінің ұжымы мен студенттеріне ғана емес, бүкіл Қазақ елі үшін де берекелі болады деген сенімін жеткізді.