Нұр-Мүбарак университетінің Ғылым және инновация департаментінің директоры, PhD доктор Ықтияр Палтөре араб елдерінің жаңа марапатына ие болды.
Нұр-Мүбарак университетінің Ғылым және инновация департаментінің директоры, PhD доктор Ықтияр Палтөре араб елдерінің жаңа марапатына ие болды. Атап айтсақ, Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа билеушісі, Жоғарғы кеңестің мүшесі, мәртебелі шейх доктор Сұлтан бен Мухаммад әл-Қасими қазақстандық ғалымға салтанатты түрде Алғыс хат табыстады.
Халықаралық басқосу Шарджада өткен Араб тілі академиясының ұйымдастыруымен 21-22 қыркүйекте өткен «Еуропадағы арабтану бойынша екінші Шарджа халықаралық конференциясында» өтті. Конференцияда PhD доктор Ықтияр Молдатөреұлы «Қазақстандағы жоғары оқу орындарында араб тілін оқытудағы қазіргі мәселелер» тақырыбында араб тілінде баяндама жасады.
Шығыстанушы әрі араб тілінің ғалымы отандық жоғары білім беру мен ғылым саласына елеулі үлес қосып келе жатқандықтан, бұл тақырып халықаралық деңгейде араб тіліне қатысты көптеген елдердегі ахуалды аша түседі. Сондықтан, араб елдеріндегі түрлі халықаралық жиындарда баяндама жасаушы Ықтияр Палтөре: «Мәртебелі Шейхтың қолдауымен өткен конференция аясында Еуропадағы танымал арабтанушы профессорлармен танысып, сұхбаттасудың сәті түсті. Осы конференцияға қатысуыма қолдау көрсеткен барша азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деп, бұл шараның өзіне тың тәжірибелер мен жаңа бастамаларға ой салғанын байқатты.
Естеріңізге сала кетсек, PhD доктор Ықтияр Палтөре 2023 жылы әлемдегі ең беделді әдеби марапаттардың бірі — «Аударма және халықаралық түсіністік үшін» Шейх Хамад сыйлығына ие болған еді. Бұл байқауға араб-қазақ аударма тілдері жұбы 2022 жылдан бастап қосылғандықтан, Ықтияр Палтөре сол әлемдік деңгейдегі байқауда марапат алған тұңғыш қазақ ғалымы.
© Copyright 2024 All Rights Reserved