Бүгін Алматыдғы Ұлттық кітапханада Жошы ұлысының 800 жылдығына орай «Алтын Орда өркениеті: рухани мұра және дәстүр жалғастығы» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен алқалы жиынға Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Ахмед Хусейн Мұхаммад Ибраһим мен проректор, PhD доктор Ершат Оңғар қатысты.
«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында өткен конференцияда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, М.Әуезов ат. Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов, А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институтының бас директоры Анар Фазылжанова, Ш.Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты бас директорының орынбасары Жомарт Жеңіс, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур, т.ғ.д., академик Берекет Кәрібаев, филол.ғ.д. Нодирбек Журақузиев баяндама жасады.
Тарихшы және әдебиеттанушы ғалымдар Алтын Орда өркениеті, Жошы ұлысының рухани мұрасы, сол дәуірдегі дін мен дәстүр сабақтастығы, бүгінгі қоғамдағы рухани құндылықтар сынды тақырыптарда тың деректерді ортаға салды.
Сондай-ақ конференцияның ерекше тұсы Алтын Орда билеушісі Өзбек ханның Құранымен таныстыру рәсімі болды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өзбек ханның Исламды мемлекеттік дін дәрежесіне көтергенін, Алтын Ордада мешіт-медреселер салдырып, Исламның жаһандық дінге айналуына жол ашқанын атап өтті. Ол өз сөзінде: «Өзбек хан Алтын Орда билеушісі болған кезде оның құрметіне арнап алтын сиямен көшірілген Құран Кәрім дайындалған. Бүгінде бұл Құран Түркияның Күтахия қаласындағы Вахид паша кітапханасында сақтаулы тұр», – деді. Бас мүфти алтын сиямен көшірілген Өзбек хан Құранының көшірмесін ҚМДБ-ның атсалысуымен Ислам ғылыми-зерттеу институты елге әкелгенін хабарлап, жиылған қауымға осы Құранды таныстырды.
www.muftyat.kz хабарлауынша, тарихи Құранды 1318 жылы Бадр Хамадани арнайы көшіртіп, Жошы ұлысының билеушісі Өзбек ханға табыстаған. Мұны қолжазбадағы «Моңғол-қыпшақ елінің билеушісі Өзбек хан үшін» деген жазу айғақтайды.
© Copyright 2024 All Rights Reserved