Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде Нұр-Мүбарак университетінің оқытушы-профессорлар құрамына (ОПҚ) проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев жаңа бағыт-бағдар, тапсырмалармен қатар жақсы жаңалықтармен бөлісті.
Биыл оқуға қабылданған студенттер саны 860 болып, жалпы білім алушылар қатары 2506-ға жетті. Жылдан жылға діни мамандыққа ұмтылған жастардың көбеюімен қатар ұстаздарға деген сұраныс артып, ОПҚ қатары жаңадан 29 оқытушымен толықты.
Сондай-ақ проректор, доцент Қайрат Құрманбаев жаңа оқу жылында еңбекақының көтерілетінін айта келе, университеттің бір топ ғалымдары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің құны 473 млн теңге тұратын ғылыми жоба жеңіп алғанын сүйіншіледі. Бұл отандық дін ғылымына қосылатын жаңа үлес қана емес, НМУ ғалымдар тобының ізденісін арттыратынын атап өтті. Сондықтан университет оқытушыларын ғылым саласына қатысты тың жобалар мен ізденістерін күшейтуге шақырды.
Жаңа оқу жылы алдында ұжымға жүктелген жаңа тапсырмалар аз емес. Негізгі мақсат — студенттердің жан-жақты білім алуын арттырып, қоғаммен байланысын да назарда ұстау. Оқу үдерісін жетілдіруге қатысты ОПҚ рейтингін ұдайы жүргізу арқылы бәсекелестікпен қатар білім беру сапасын арттыру көзделуде. Әрі студенттер рейтингін анықтап отыру, дәріс беру жүйесін оңтайландырып, интербелсенді білім беру әдіс-тәсілдерін шыңдауға қатысты тапсырмалар берілді.
Жаңа тапсырмалармен таныстыра келе, НМУ проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев университет ұжымын жаңа оқу жылымен құттықтап, білім әлеміндегі жауапты да сауапты еңбектеріне сәттілік тіледі.
© Copyright 2024 All Rights Reserved