Нұр-Мүбарак университеті тек дін және тіл мамандарын ғана емес, қасиетті Құран қариларын жан-жақты дамытатын құтты шаңырақ. Мәселен, университеттің 6 студенті соңғы 2 айда республикалық және халықаралық деңгейдегі Құран жарыстарында оза шауып, жеңіс тұғырына көтерілді. Осы орайда университеттің проректоры PhD доктор Ершат Оңғар жеңімпаз студенттерді арнайы қабылдап, ризашылығын білдірді.
Жақында ғана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған ХІІІ республикалық Құран жарысында университеттің 5 студенті бас жүлдеден бастап, жоғары орындарға ие болған еді:
«30 пара» бойынша:
1. І орын (автокөлік) – Әбілқайыр Жұбан, 2 курс (Алматы қ.);
2. ІІ орын (4 000 000 теңге) – Абдулазиз Илхамжанов, 1 курс (Шымкент қ.);
«20 пара» бойынша:
3. ІІІ орын (1 500 000 теңге) – Махмұт Мырзахмет, 1 курс (Түркістан обл.);
«10 пара» бойынша:
4. І орын (1 500 000 теңге) – Дінмұхамед Әбішев, 2 курс;
«Мәнерлеп оқу» бойынша:
5. ІІ орын (500 000 теңге) – Әбілқасым Әбдірахманұлы, 3 курс (Қарағанды обл.).
Сондай-ақ қасиетті Меккеде «Патша Абдулазиз» атындағы тамыз айында өткен дүниежүзілік Құран жарысында Нұр-Мүбарак университетінің студенті Алибек Жалиев 123 мемлекеттің арасынан 7-орынға ие болды. Қасиетті әл-Харам мешітінде өткен әлемдік жарыста әр елден келген қарилар Құранды жатқа, мәнерлеп оқу және тәпсірлеу бойынша бақ сынаған. Жарыс нәтижесінде Алибек Жалиев еліміздің абыройын асқақтатты.
«Әлемдік Құран жарысында алғашқы ондыққа ену – бүкіл Қазақ елі үшін мақтаныш. Ал республикалық сайыста 5 студентіміздің жеңімпаз болуы – ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың қуанышы, әрі еліміздің мақтанышысыздар. Сондықтан осы білімдеріңізді шыңдап, болашақта биік белестерді бағындыра беріңіздер», – деді проректор Ершат Оңғар.
Сонымен қатар НМУ Аппарат жетекшісі Мақсат Байзаққа салтанатты шараларда жеңімпаз студенттерді Құран оқытып, таныстырып отыруды тапсырды.
© Copyright 2024 All Rights Reserved