Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жасады. Нұр-Мүбарак университеті жаңа оқу жылының басталуына дөп келген Жолдауды бірлікпен тыңдап шықты. Себебі Президент жолдауында жаңа бастамалар мен еліміздің жаңа стратегиялық бағыт-бағдарларымен қатар, білім беру саласына қатысты тың тапсырмалар таныстырылды.
Бұл Жолдау Қазақстанның келесі даму кезеңіне арналған бағыт-бағдарын айқындап, реформалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Ел тұрақтылығы мен өркендеу жолындағы маңызды міндеттер жүктеген Жолдауда қоғамды жаңғырту, экономика мен әлеуметтік салада реформалар жүргізу, саяси жаңғыру мен мемлекеттік басқаруды жетілдіру мәселелері қамтылған.
Ал білім саласына қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру сапасын жақсартуға ерекше тоқталып, отандық мамандар даярлау жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланыстың әлсіздігін атап өтті. Мектеп түлектерінің бір бөлігі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай, жұмыссыздар қатарына қосылып жатқанына назар аударылды. Жас буынның қабілетін анықтап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу – орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс деп атап өтті. Сондай-ақ білім ордаларын сапалы оқулықтармен қамтамасыз етудің өзектілігі қарастырылды.
Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаев Президент Қ. Тоқаевтың отандық білім беру жүйесін жаңғырту, жастардың қабілетін дамыту мен ұстаздарға әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсету жайлы тапсырмалары білім сапасының артуына оң ықпалын тигізеді деген пікірімен бөлісті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жалақыны екі есе арттыру туралы тапсырмасы да НМУ-дің оқытушы-профессорлар құрамына жаңа оқу жылы алдында жағымды серпіліс беріп қана қоймай, жаңа жауапкершілік жүктегені анық.
© Copyright 2024 All Rights Reserved