Бүгін Нұр-Мүбарак университетіне исламтану мамандығына түскен 1 курс студенттеріне арналған «Мамандығым – болашағым» атты бағдар беру семинары өтті.

Академиялық мәселелер департаментінің директоры Мұратхан Махмет бұл семинардың ерекшелігі мен маңыздылығын атап өтіп, болашақтағы студенттерге қатысты талаптармен де таныстырып өтті. Басқосу тізгінін Исламтану кафедрасының аға оқытушысы Әбілхайыр Жұматаевқа тапсырды. Дәріскер өзінің тәжірибесіне сай тек білім алудың тәсілдерін ғана емес, уақытты тиімді игерудің жолдарын сатылап түсіндірді. Исламтану мамандығына машықтанудағы ерекшеліктер, білімді студент, білікті маман болудың алғышарттарымен таныстырды.

Білім алудағы ниет пен жауапкершілік, негізгі білім мен қосымша білім алу жолдары, жан-жақтылық, дәріске дайындық, оқытушымен қарым-қатынас, орта таңдау, қызығушылық жолына түсіп кетпеу, өз бетінше оқудың маңызы, әдеп, құлшылық, тәрбие, т.б. талаптарды жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ студенттер көкейлеріндегі сауалдарын қойып, өздерін мазалаған сұрақтардың жауаптарын алды.

Болашақ исламтанушы – ол болашақ ұлт тәлімгері, иманды қоғам ұйытқысы, ислам ғылымының өкілі. Осындай жауапты да сауапты мамандықты таңдаған студенттер семинар ұйымдастырушыларға алғысын жаудырып, жылы лебіздерін айтып жатыр.

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

953