Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігіндегі «Ислам энциклопедиясы» кітабының алғашқы томы оқырманға жол тартты.
Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігіндегі «Ислам энциклопедиясы» кітабының алғашқы томы оқырманға жол тартты. «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген кітаптың тұсаукесер салтанатына ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған алқалы топ: тарихшы, филолог ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, Ақсақалдар және Сарапшылар кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты деп хабарлайды www.muftyat.kz.
Оқырманға жол тартқан «Ислам энциклопедиясы» кітабы – дәстүрлі дініміздің ғылыми-теориялық негізін дамытуға бағытталған ҚМДБ-ның ауқымды жобасының бірі болмақ. Әрине бұған дейін елімізде Ислам діні жайлы түрлі энциклопедиялар жарық көрді. Алдыңғы аға буын бастаған ізгі істі ары қарай жалғап, жетілдіруді қолға алдық. Діни басқарма дайындаған «Ислам энциклопедиясының» ерекшелігі – Ислам дініне арналған еліміздегі алғашқы көптомдық энциклопедия болғалы тұр. Бұйырса, бұл еңбектің 5 томын оқырманға ұсынбақпыз. Алла нәсіп етсе, барлық томдары ретімен жарыққа шығып, оқырмандар қолына тиеді деген сенімдеміз» деді Бас мүфти.
Көптомдық авторларының құрамындағы Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор Ершат Оңғар «Ислам энциклопедиясын» дін саласындағы отандық бірегей жоба ретінде бағалауда. «Бұл энциклопедияның маңызы өте жоғары. Қазақ жеріндегі ислам дініне 13 ғасырға жуықтап қалды. Осы уақытта ислам діні салт-санамызбен сабақтасып, мәдениетіміздің тірегі, салт-дәстүріміздің күре тамырына айналды. Қазақ даласынан талай ғұлама ғалымдар, ірі тұлғалар дүниеге келген, жазылған еңбектер өз алдына. Соның барлығын А-дан Я-ға дейінгі барлық мәліметті қамтитын танымдық құнды еңбек,-деді Ершат Ағыбайұлы.
Сондай-ақ салтанатты рәсімде ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, белгілі ғалымдар Ғарифолла Есім, Дихан Қамзабекұлы, Айгүл Ісмақова ізгі тілегін білдіріп, жаңа еңбек қазақ қоғамына пайдалы деген ниетін жеткізді.
Айта кетсек, «Ислам энциклопедиясы» діни сала қызметкерлері мен ізденуші шәкірттер, ғалымдар және жалпы оқырман қауымға арналған.
© Copyright 2024 All Rights Reserved