Нұр-Мүбарак университетінде өткен «Ислам және экология. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру» атты студенттік идеялар мен стартап-жобалар байқауы кезекті рет жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл бастама биыл екінші мәрте өткізіліп, мазмұнды ғылыми жобалар мен жасампаз идеяларға толы болды.
Аталмыш байқаудың басты ерекшелігі – студенттерге исламдағы экология, халал өнімдер және табиғатпен үйлесімді өмір сүру тақырыптарын терең және шығармашылық тұрғыда жүзеге асыруға мүмкіндік беруі. Байқау мақсаты – жастардың экологиялық сауаттылығын арттырып, экология мәселелеріне шығармашылық көзқараспен қарау аясында инновациялық шешімдер ұсынуға ынталандыру.
Комиссия мүшелерінің іріктеуі нәтижесінде үздік жобалар анықталды:
I дәрежелі диплом: Мырзабекова Қырмызының «Тыңайтқыштар мен биометан алу үшін мал шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу» жобасы экологиялық проблемаларды шешудің тиімді жолын ұсынды.
II дәрежелі диплом: Қаржаубай Айзат, Ислам Нұрбибі, Фатаудинқызы Шапиқа «Экология сәндік-қолданбалы өнерде» атты креативті жоба ұсынса, Құлмағанбетов Ермек «Телефон қосымшасы — Табиғат досы» жобасымен цифрлық технологияларды табиғатты қорғауға бағыттады.
III дәрежелі диплом: Әбілда Балауса, Елдосова Фатима, Сәрсенбек Сұңғыла «Тамақ өнеркәсібіндегі экологиялық сараптама» жобасын ұсынса, Саутова Шахзода «Экологиялық қаптама» идеясымен алға шықты. Сонымен қатар, Сманов Абдумәлік Түркістан қаласының урбанизация процесіне экологиялық бағалау жасады.
© Copyright 2024 All Rights Reserved