Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында ҚР МА министрі Аида Балаева 2025 жылғы жұмыстың бағыт-бағдарына, мақсат-міндеттеріне тоқталып: «2025 – идеологиялық тұрғыда ерекше атаулы жыл» деп атап өтті. Алқа отырысында Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор Ершат Оңғарға сөз берілді. «Жаһандық сын-қатерлер жағдайында Қазақстандық діни білім мен ғылым саласына тән талаптар» жайлы баяндама жасаған Ершат Ағыбайұлы қазіргі киберкеңістіктің жылдам даму тенденциясы, пайдасы мен зардаптары, әлемде жүріп жатқан ақпараттық экспансия мен қарусыз майданның қоғамдық санаға әсеріне қатысты түйткілдерге тоқталды. Отандық діни білім, ғылым саласы мен Нұр-Мүбарак университеті мысалында жаһандық сын-қатерлер мен оларды шешу жолдарын ұсынды.
Сондай-ақ отандық медианың қазіргі жағдайы мен дамуы жайлы ҚР Сенатының депутаты Жексенбай Бибігүл, этносаралық келісімді нығайтудағы этномәдени бірлестіктердің рөлі туралы ҚХА Кеңесінің, ҰҚ мүшесі, «Астана қ.өзбек этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы Пулатог Шероз, қазіргі театр өнерінің мәселелері мен болашағы жайлы Қазақстан ТСҚ төрайымы Еркебай Анар сөйледі.
Жиын барысында министр Аида Балаева биыл ҚХ Ассамблеясының 30 ж., Ұлы Жеңістің 80 ж., Конституцияның 30 ж., Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Абайдың 180 ж., Ш.Уәлихановтың 190 ж., Н.Тілендиевтің 100 жылдығы, басқа да көрнекті тұлғалардың мерейтойлары аталып өтетінін айтты. Мәселен, ҰЖ 80 жылдығына орай 1 млн-ға жуық қазақстандық жауынгердің есімі мен мәліметтері, сондай-ақ жеке құжаттары мен фотосуреттері енгізілген «Батырларға тағзым» онлайн-платформасы, «E-museum» веб-порталы іске қосылып, Қазақстан мұражайларының виртуалды желісі жасақталмақ.
Отандық мәдениет пен ақпарат, қоғамдық даму саласындағы маңызды қадамдарды талқылаған жиынды министр Аида Балаева: «Ортақ мақсат жолында бірлесе қызмет ете берейік», – деп, алқалы топты ортақ мүддеде бірлікпен қызмет етуге шақырды.
© Copyright 2024 All Rights Reserved