НМУ БАСШЫЛАРЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ДАЙЫНДЫҚ КУРСЫНЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысына арнайы ат басын тіреген Нұр-Мүбарак университетінің басшылығы Шымкент қаласындағы Дайындық курсының тыныс-тіршілігімен танысты. 2019 жылы ашылған үш қабатты оқу ғимаратының сыйымдылығы 60 адам. Сондай-ақ 5 жатын бөлмесі, 1 асхана, 4 сынып бөлмесі, 1 дәріс залы, кітапхана секілді білім алуға қажетті барлық мүмкіндіктер жасалған.

Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Ахмед Хусейн Мухаммад Ибраһим мен проректор, PhD доктор Ершат Оңғар орталықтың жұмысымен танысып, шәкірттермен жүздесті.

Ректор, профессор Ахмед Хусейн Мұхаммад шәкірттерге діни білім алудың ерекшелігі мен халыққа қызмет етудің маңызын насихат етті. Ал проректор, PhD доктор Ершат Ағыбайұлы Нұр-Мүбарак университетінде білім алудың артықшылықтары мен университеттің ерекшеліктеріне тоқталды. Себебі бұл шәкірттер болашақта Нұр-Мүбарак университетінде білім алуға өздерін даярлап жатқандықтан, НМУ басшыларының кездесуі оларға жаңа серпін берді.
Дайындық курсында араб тілі, Құран, ақида, фиқһ сабақтарымен қатар, ҰБТ-ға дайындық мақсатында Қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығынан дәрістер жүргізіледі.

Осы уақытқа дейін бұл курстан 160 шәкірт білім алып шыққан болатын. Бүгінгі университет басшылығының арнайы ат басын тіреуі Дайындық курсының ұжымы үшін үлкен қолдау болғаны анық.