НҰР-МҮБАРАК ЕГИПЕТ ИСЛАМ МӘДЕНИЕТІ УНИВЕРСИТЕТІ

НМУ ҰСТАЗДАРЫ МЕН ИМАМДАРҒА АРНАЛҒАН ТРЕНИНГ СӘТТІ ӨТТІ

 

         Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде ұстаздар мен имамдарға арналған семинар-тренингке мешіт ұстаздары, имамдар, сондай-ақ Нұр-Мүбарак университеті мен Абу Ханифа медресе колледжінің оқытушылары қатысты.

    Іс-шараны БҰҰ-ның Халық қоныстануы саласындағы қоры – «Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықтың қоныстануы саласындағы қоры» (ЮНФПА) және оның Қазақстандағы орындаушы серіктесі – «Қазақстанның халықтың репродуктивті және отбасылық денсаулығы қауымдастығы» (КМПА) ұйымдастырды.

     Семинар аясында отбасы құндылықтары, жауапты ата-ана болу, ер мен әйелдің Исламдағы құқықтары мен міндеттері, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ананың және ұрпақтың саулығын сақтау, сондай-ақ жамағатпен алғашқы кездесуде психологиялық тұрғыдан дұрыс диалог құрудың әдістері сынды маңызды тақырыптар қамтылды.

     Тренинг «Исламдағы дені сау және бақуатты отбасы негіздері» оқу курсы аясында өткізілді. Аталған курс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп әзірленіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Дін істері комитетінің сараптамасынан өткен және медресе колледждеріне факультатив ретінде енгізуге ұсынылды.

   Семинар жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар тарапынан оң пікірлер айтылып, мазмұнды сұхбаттар мен пікір алмасуларға жол ашылды. Мұндай іс-шаралар еліміздегі ислам қауымдастығының рухани және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз.