News

Бүгіннен бастап елімізде 14 күндік карантин күшіне енді

05/07/2020

Елімізде бүгіннен бастап коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында бірқатар шектеу шаралары күшіне енді.

2 шілде күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралған болатын.

Осы кеңесте мемлекеттік комиссия 5 шілдеден бастап 14 күнге қатаң шектеу шараларын енгізу жөнінде шешім қабылдады.

14 күнге созылатын карантин барысында  ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, елдер тізімін көбейтпей, халықаралық әуе қатынасы сақталатын болды. Өңірлер арасындағы әуе қатынасы, темір жол қатынасы сақталғанымен, нақты шектеу шаралары қолданылады.

Өңірлер арасындағы жолаушылар автобусы қатынасы уақытша тоқтатылды. Қала ішіндегі қоғамдық көліктің жұмысына да уақыт бойынша шектеу енгізілді.

Одан өзге ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын өткізуге, тұрғындардың көшеде, саябақта, скверлерде 3 адамнан артық серуендеуіне шектеу енгізілді. 65 жастан асқан адамдардың сыртқа шығуына тыйым салынды.

Сұлулық салондары, шаштараз, спорт залдары, фитнес орталықтар, бассейндер, азық-түлік және азық-түліктік емес жабық базарлар, жағажайлар, аквапарктер, мәдениет нысандары, музейлер, көрмелер, форумдар, конференциялар және өзге де ұйымдастырылған бұқаралық іс-шаралар, ойын-сауық орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелері (кезекші топтардан басқа), діни нысандар және т. б. (СОСО-дағы ойын-сауық орталықтары, ойын-сауық нысандары (караоке, бильярд, компьютер клубтары, боулинг орталықтары), кинотеатрлар, балаларды сауықтыру лагерлері, фудкорттар, банкет залдары) қызметіне шектеу қойылды.

Ал мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), кеңселердің, ұлттық компаниялардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерінің кемінде 80 пайызының қашықтан жұмыс істеу режимі сақталуы керек.

Сонымен қатар алдын ала жазылу бойынша медицина орталықтарының, дәріханалардың, азық-түлік дүкендерінің, ашық базарлардың қызметі жалғасады.

Еске салсақ, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, ашық ауада қоғамдық тамақтану нысандары; үздіксіз өндірістік айналымы бар құрылыс, өнеркәсіп кәсіпорындары; ашық ауадағы құрылыс жұмыстары; ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы жұмыстары; халыққа қызмет көрсету салалары, оның ішінде авто жуу, автомобильдерді және тұрмыстық техниканы жөндеу, ХҚО-лар, екінші деңгейлі банктер (уақыт бойынша шектеу енгізумен) жұмысын жалғастырады.

Related news