ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫМЕН НҰР-МҮБАРАК СТУДЕНТТЕРІН
ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ МЕН РЕКТОР АРНАЙЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Бүгін Нұр-Мүбарак университетінің студенттері үшін ерекше күн болды. Жаңа оқу жылының алғашқы арнайы ашық лекциясында университет ректоры, профессор Мұхаммад әш-Шаххат құттықтау сөзден кейін тағылымды дәріс оқыды.

Мұхаммад әш-Шаххат
Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор

"

Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Асыл дін жіберілген кезде маған жастар көмек көрсетті, ал үлкен кісілер бет бұрды»,- деген.

Бұл жерде жастардың алға қойған мақсаты өте жоғары, талпынысы қарқынды, ойы озық, бойы күш-жігерге толы, дінді көтеру үшін жастардың үлесі жоғары екендігін айтады. Осындай қасиетті мен осы университетіміздің шәкірттерінен көргім келеді. Жаңа оқу жылында әрбіріңіз білімге ден қойып, дәріске мұқият, сабаққа ынталы, білім жолында ыждаһатты болыңыздар. Алла Тағала тиянақты да мұқият, білімге құштар құлдарын жақсы көреді,-деп студенттерге өзінің өмірлік тәжірибесінен де тағылымды естеліктер айтып өтті.

Университет проректоры, доцент Қайрат Құрманабев ректорға студенттер атынан алғысын білдіріп, сөзді ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына табыс етті. Бас мүфти университет тарихына шолу жасау арқылы ТМД көлемінде мұндай жоғары оқу орнының болуы еліміз үшін орасан сый екеніне тоқталып, жастарды біліммен қатар татулық пен көркем мінезге шақырды. Қазіргі алмағайып кезеңде әрбірімізге   тонның ішкі бауындай татулық қажеттігін, білім де, білік те ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетімізді дәріптеу арқылы бірлігімізді сақтауға қызмет ету қажеттігін алға тартты. 

Көзі ашық азаматтар жаңашыл ойлап, ұлттық сананы жаңғыртуға, бәсекелік қабілетті арттыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, туған жерді көркейтуге үлес қосуы тиіс. Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда келтіретін білім ізденсе, жаһанның ең озық технологияларын үйренсе, ұлттық дәстүр-салтымызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді көкейіне тоқыса – тәуелсіздікке қосқан үлес осы болмақ.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Бүгінгі мұғалімдер шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Өйткені балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Кез келген мемлекеттің басты байлығы – адам капиталы. Ал адамның денсаулығы мен білімі – мемлекеттің дамуына әсер ететін негізгі фактор. Халықтың жалпы сауатын көтеріп, жастарды біліммен қаруландыру – баршамыздың ортақ борышымыз»,-деп Бас мүфти жастарға білімге сай имани болмыстың құндылығы – ел болашағы үшін ауадай қажеттігіне ой салды.  

Студенттер үшін де алдыңғы аға буын, дін ғалымдарының дәрісі теңдессіз қолдау мен жаңа бастамаларға серпін болғандай.  

1  316