КӨҢІЛДІҢ МӘҢГІ ТӨРІНДЕ...«ТӘЛІМІ МІНСІЗ ТӘЛІМГЕР – МҰХАММЕД (С.А.С.)»

«Иә, ол патша болатын. Бірақ сіз ойлағандай емес, үлде мен бүлдеге оранып, қызметшілер жүгіртіп, тойып ас ішіп, құс жастықта жантайып жатқан патша емес, жүректердің патшасы болатын. Сондықтан да әлі күнген дейін Оның өміріне таңдай қағып, миллиардтаған адам Оның жолымен жүріп келеді. Ақиқатын айтқанда Ол -жүректердің патшасы...

Иә, Оның (с.а.с.) өмірі тұтастай соғыстан тұрады. Бірақ ол зұлымдықпен, қиянатпен, озбырлықпен соғыс еді. Бар «кінәсі» тас пен таяқты емес Құдіреті шексіз Алланы құдай дегені үшін елінен қуылып, барынан айырылған. 13 жыл аштық пен азаптан әбден титықтап, шетінен өлім құшып жатқан соң туған мекенін тастап, азғантай ғана мұсылманды қорғау үшін соғысты. Ол қиратушы емес, қорғанушы, қорған болушы еді.

Бұл Нұр-Мүбарак университетінде өткен «Тәлімі мінсіз тәлімгер – Мұхаммед (с.а.с.)» атты мәуліт кешінде көпшілікті тәнті еткен қойылымнан бір үзік сыр... Осындай тағылымға толы дүниелерден сыр шерткен мерейлі мәуліттен естелік ретінде бейнебаянды ұсынамыз.

Кемеңгер қолбасшы… Бірақ әскеріне бұйрық беріп, өзі сарайында шалқып жүретін емес, сауытын киіп, алдыңғы шепте қол бастаған қолбасшы еді. Соққы алып, өміріне қатер төнсе де майдан даласынан қашпай, әр жауынгерін қолдап, шейіт болған әр әскері үшін ет-жүрегі езіліп, өзі жаназасын оқитын. Өйткені ол ең әуелі үлкен әріппен жазылатын Адам еді. Ет жақыны Хамзаны кескілеп, бауырын шайнаған адамды да кешірді. Сүйікті сахабаларын азаптап өлтірген, көзқарашығындай қызына қол жұмсаған, өзін өлтіруді сан мәрте жоспарлаған, елінен қуған қауымды да тып-типыл етуге шамасы бола тұра, кешірді. Өйткені ол Пайғамбар еді. Әлемдердің раббысы Алла Тағаланың соңғы Пайғамбары…

592