ЖАҢА «ИСЛАМ ҚҰҚЫҒЫНА КІРІСПЕ»
КІТАБЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

Нұр-Мүбарак университетінің баспасы оқырмандарын жаңа сүйіншімен қуантуда. Университеттің Дінтану кафедрасының аға оқытушысы, жас ғалым, PhD доктор Түсіпхан Имаммәдидің «Ислам құқығына кіріспе» атты оқу құралы жарыққа шықты. 

Елімізде жаңадан еңсе көтеріп келе жатқан ислам ғылымы мен оған қызығушылар үшін фиқһ саласын құқықтық негізде түсіндіруге бұл еңбектің маңызы зор екені даусыз. Себебі мұсылмандық құқық саласын, құқықтық мектептері мен оның тәжірибесін, тарихы мен даму кезеңдерін, негіздері мен методологиясын меңгеру дін саласының мамандарына аса қажет. Сондықтан жаңа туынды мамандардың салаға қатысты сауаттылығы мен базалық білімін арттырып, теріс ағымдармен күресуде өз пайдасын тигізеді деген сенім мол.

Құқық тарихында ерекше орны бар жүйенің бірі ретінде мұсылмандық құқық тек мұсылман елдерінде ғана емес, батыс елдеріндегі көптеген университеттердің құқық факультеттерінде арнайы пән ретінде оқыталсы, кейбір елдерде ислам құқығы немесе ислам экономикасы мамандықтары бойынша жоғары білім беріледі. Бұл саланы меңгеру қазіргі таңдағы мұсылмандарды толғандыратын мәселелерді шешу үшін де аса қажет. Зайырлы қоғамның заңдары мен ережелеріне бойсұна отырып, шариғат талаптарын да сақтағысы келетін жандар үшін мемлекет пен дін арақатынасындағы мәселелерге байыпты әрі ғылыми тұрғыда талдау жасауда аталған салада білім қажет екені рас. Осындай өзекті түйткілдерге Нұр-Мүбарак баспасынан шыққан жаңа кітап тұшымды жауап береді деген үміттеміз. 

Оқу құралында ислам құқығының тарихы, даму кезеңдері, жүйесі мен ерекшеліктері, қайнаркөздері мен методологиясы туралы мәліметтер қамтылған. Әсіресе, жоғарғы оқу орындарындағы исламтану, дінтану, теология мамандықтарындағы студенттерге, сондай-ақ құқықтану және мәдениеттану мамандарына да арналған. Әрине, ислам құқықтарына қызығушылық танытқан әрбір оқырман үшін де берері мол.

1  503