News

Нұр-Мүбарак университетінің студенттері жат ағымнан сақтану жолдары туралы видео түсірді

16/03/2020

Тазалық пен бейбітшілікті ту еткен дініміз адамзат баласына имандылықты, парасат пен пайымды, кешірім мен келісімді, шапағат пен мейірімді, қанағат пен рахымды, білім мен еңбекті насихаттайтындықтан мұсылман адамға көптеген жауапкершіліктер жүктейді. Солардың ішінде шынайы дінімізді насихаттау, қоғамды ізгілікке шақыру – басты мақсаттардың бірі. Ол үшін өзіңіз діни ілімнің қайнар көзін кәсіби маманнан алуыңыз қажет. Осы тұрғыда Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің студенттері көпшілік қауымнан діни ілімді кімнен және қайдан алатындығы туралы сауалнама жүргізген болатын. Нәтижесінде 75 пайыз халықтың маманнан жауап алмай, қателесетіндігі белгілі болды. Егерде сіз намаз бастайтын болсаңыз, алдымен өзіңіз тұратын аймақтағы имамнан білім алуыңыз керек.

Жастардың теріс пиғылдағы жат діни ағымдардың жетегінде кетуі  — бүгінгі қоғамымыздағы басты дерттердің бірі. Оның басты себебі: дәстүрлі діні, мәдениеті, тарихы және салт-дәстүрлері жайлы жеткілікті білімдерінің болмауы. Харизматикалық қасиеттерге ие теріс діни ағым насихаттаушысы діннен аз хабардар адамды оңай таниды және оны өз қарамағына тартып алады. Сол себепті, дін мәселесінде сұрақ туындаған кезде жауапты ең әуелі Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ресми сайттарынан анықтауға болады.

 

Related news