Сіздерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!
Әлемдегі алпауыт империялардың бірі саналған Кеңес Одағы тұсында 1990 жылы 12 қаңтарда Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайы өтіп, дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылуы – теңдессіз ерлік! Себебі ҚМДБ-ның осы дербестікке жету жолына ғасырға жуық уақыт кеткені рас.
Алғаш 1906 жылы Верный қаласында өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының I құрылтайына 100-ге жуық делегат қатысқан еді. Араға 37 жыл салып, 1943 жылы Ташкентте Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарының (ОАҚМДБ) алғашқы құрылтайы өтіп, Қазақ елі сол басқарма құрамында қазият болып бөлінді. ОАҚМ діни басқармасы Ташкентте орналасқандықтан, әрі кеңестік саясаттың қатаң ықпалында 1990 жылға дейін Қазақстанның діни-рухани өміріне елеулі әсер ете алмады. Осындай тарихи сын-қатерлерді еңсере отырып, дербес шаңырақ көтерген ҚМДБ 35 жылдан бері Қазақ елінің руханияты, ел бірлігі және иманды болашақ жолында қалтқысыз қызмет етіп келеді.
ҚМДБ-ның тұңғыш Төрағасы, Бас мүфти Ратбек қажы Нысанбайұлының ерлігі, академик шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің даналығы, осы игі көшті жалғастырған ізбасарлары Ержан қажы Малғажыұлы мен Серікбай қажы Ораздың еңбектері тарих беттерінде қалды. Ал қазіргі жаһандық дәуірде Қазақ елінің діні мен руханиятын жаңа белеске көтерген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамалары мен біліктілігі бабалар аманатын болашақ ұрпаққа абыроймен жеткізетініне сеніміміз мол.
ҚМДБ құрылған күннен бастап халқымыздың руханиятының ұйытқысы болып, дініміздің абыройын асқақтатып, үлкен жауапкершілікпен қызмет атқарып келеді. Имандылыққа ұмтылған жастар легінің көбеюі, мешіттер санының артуы, діни кадрлар даярлау, білім мен ғылымды дамыту, қайырымдылық пен ағартушылық жобаларды іске асыру – ҚМДБ-ң жемісті қызметінің жарқын көрінісі.
35 жыл – бұл тек уақыт межесі ғана емес, халық үмітінің үкіленіп, сенімінің артуы. Бабалар мұрасын абыроймен жаңғыртып, дін мен дәстүрімізді ұлықтап келе жатқан ҚМДБ ұжымына алғысымыз шексіз.
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ел игілігі үшін атқарып жатқан әрбір игі бастамаларыңызға Алланың разылығы мен екі дүниелік толағай табыстар тілейміз!
Құрметпен,
Ершат Ағыбайұлы Оңғар
Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор
© Copyright 2024 All Rights Reserved