ДІН МЕН ПСИХОЛОГИЯНЫҢ ТОҒЫСЫНДАҒЫ ТЫҢ ҚАДАМ

25 желтоқсан 2024 жылы елімізде алғаш рет “Нұр-Мүбарак университеті жанындағы Діни Психологтар Ассоциациясы” ресми түрде өз жұмысын бастады. Бұл бастама – рухани құндылықтар мен ғылыми ізденістерді тоғыстыратын маңызды қадам.
   Ассоциацияның басты мақсаты – психология мен дін салаларын үйлестіре отырып, осы бағыттағы мамандардың біліктілігін арттыру және қоғамның рухани әрі психологиялық сұраныстарына жауап беру.
   Ашылу рәсімі еліміздің беделді психологтарының, танымал діни ұстаздардың, қоғам белсенділері мен блогерлердің қатысуымен өтті. Ассоциация қолданылатын әдістердің шариғат қағидаларына сай болуын қамтамасыз етуді өз миссиясы ретінде белгілеп отыр. Енді мамандар әрбір тәсілдің халал немесе харам екенін анықтай отырып, өз қызметінің рухани негіздеріне сенімді бола алады.
  2025 жылдың 1 наурызынан бастап, ассоциация психологтар мен теологтарға арналған арнайы білім беру және біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырады. Бұл курстар мамандарға жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге, сондай-ақ дін мен психологияның өзара ықпалдастығын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.
   Бұл ассоциацияның құрылуы – Қазақстан үшін ерекше оқиға. Оның қызметі қоғамдағы рухани және психологиялық мәселелерді шешуде жаңа деңгейге көтерілудің алғышарты болмақ.

Ассоциацияның жұмысына сәттілік, ал оның мүшелеріне берекелі әрі жемісті еңбек тілейміз!