БАС МҮФТИ БАҒДАРЫНЫҢ РУХАНИЯТТАҒЫ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Қазақ елінің мүддесі мен ұлт болашағы үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының нақты батыл қадамдар жасап жүргеніне де 35 жыл толды. Осы мерейлі сәтте 2025 жылға арналған ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бағдарлық баяндамасы елдегі діни қызметтің басым бағыттарын белгілеген жаңа маңызды шешім екенін атап, үш мәселеге тоқталғым келеді:

Біріншіден, Бас мүфтидің «Ислам және отбасы құндылығы» жылын жариялауы – қоғамдағы рухани және моральдық құндылықтарды нығайтуға бағытталған өте маңызды шара. Мұнда отбасы институтын қорғау, әсіресе ұрпақ тәрбиесіне ерекше ден қою – әрбір отандасымыздың қалауына дөп келері анық. Қоғамның іргесін сөгетін әлеуметтік дерттерге қарсы нақты қадамдар, жастардың руханиятын көтеру мен қолдау, бағыт-бағдар көрсету дер кезіндегі шешім.

Екінші мәселе – діни білім мен ағартушылықты күшейту. Ислам ғылыми-зерттеу институтының қызметін кеңейту, жаңа энциклопедиялар мен оқу құралдарын шығару, діни сауат ашу курстарын дамыту арқылы халықтың діни білімін арттырудың тиімді жолдарын ұсыну. Бұл дәстүрлі діни ұстанымдарды нығайтып, жат ағымдардың ылаңынан сақтандыруға ықпал етпек.

Сондай-ақ Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Нұр-Мүбарак университетін де ерекше назарда екенін байқатты. Дайындық курстары мен инклюзивті білім беруді дамыту сынды маңызды тапсырмалар жүктеді. «Брайль» әдісімен Құран үйретуді факультативтік пән ретінде енгізу – мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетудің нақты қадамы болмақ.

Үшіншіден, әлеуметтік маңызы бар бағыттарының бірі – еңбекке баулу және жұмысшы мамандықтарын насихаттау. Бұл биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауына нақты қолдау ғана емес, дініміздің адал еңбек пен кәсіпке деген ұстанымын көрсетеді. Осы мақсатта мешіттер жанынан шеберханалар ашу, «Зекет хаб» орталығының тәжірибесін пайдалану ұсынылды. Осылайша, дін қызметкерлері уағыз-насихат жұмыстарымен ғана шектелмей, нақты әлеуметтік жобаларға да атсалыспақ.

Қорыта айтсақ, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, кемел болашаққа сенімді күшейтетін бағдарлық жоспарға әрбіріміз қолдап, ат салысуға мүдделіміз. Себебі «Ырыс алды – ынтымақ», «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген халқымыз. Діннің рухани құндылықтарды сақтау мен жаңғыртудағы рөлі тек дін қызметкерлерінің ғана емес, әрбір исі мұсылманға жүктелген аманат. Осы орайда ҚМДБ жауапкершілігі, жастар тәрбиесі, еңбекке баулу, діни білім беру, жат ағымдармен күрес, әлеуметтік әділдік пен қайырымдылық секілді мәселелер кеңінен қамтылған. Сондықтан бұл бағдармен сүйікті Отанымыздағы ата дініміздің абыройы мен діни қызмет жаңа деңгейге көтеріліп, қоғамдағы тұрақтылық пен рухани дамуға зор ықпал етері сөзсіз.

Ершат ОҢҒАР PhD
доктор, Нұр-Мүбарак ЕИМУ-нің проректоры