НМУ ПРОРЕКТОРЫ, PHD ДОКТОР ЕРШАТ ОҢҒАР – БАС МҮФТИДІҢ 2025 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛЫҚ БАЯНДАМАСЫНА ҚАТЫСТЫ

Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2025 жылға арналған Бағдарлық баяндамасын жолдады. Бұл маңызды шараға Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры, PhD доктор Ершат Оңғар мырза арнайы қатысты.

Жыл сайынғы дәстүрлі бағдарлық баяндаманың бұл жолғы отырысы еліміздің діни өміріндегі өзекті мәселелерді саралап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдағы стратегиялық жоспарлары мен бағыттары айқындалды.

Бас мүфти өз баяндамасында 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп мәлімдеді. «Жарасымды отбасындағы өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды қанға сіңген қасиеттерді жаңғырту үшін 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадым. Алла қаласа, осы жыл аясында бірнеше іс-шараларды жүзеге асырамыз» — деді Бас мүфти.

Жиынға еліміздің әр аймағынан бас имамдар, ғұламалар, сарапшылар, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, РАНТ мүшелері, діни оқу орындарының басшылары мен ұстаздары қатысты. Бүгінгі басқосу — тек діни басқарманың емес, бүтін бір қоғамның рухани жаңғыруына, жастарды имандылыққа тәрбиелеуге бағытталған қадам екені анық.