БІРЛІКПЕН АТҚАРАР ІСТІҢ БАҒЫТЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті мен Алматы облыстық Дін істер басқармасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында тың жобаларға жол ашылмақ. Университет жанындағы «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының» директоры Тимур Нүсіпханұлы Басқармаға қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» мен «Діни әкстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығына» арнайы келіп құрылымы және қызметімен танысты.

Алматы облыстық ДІБ басшысы Рахмет Есдәулетовтың қабылдауында болып, діни ахуалдың тұрақтылығы мен қоғамның рухани даму жолында бірлесе атқаратын ауқымды жұмыстар жайлы пікір алмасты. Рахмет Разбекұлы өз кезегінде алғашқы іссапарын жетісу өңірінен бастаған Тимур Нүсіпханұлына сәттілік тілеп, ағалық кеңесін аямады. Сондай-ақ тұрғындар арасында теріс діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастырудың жолдары талқыланып, екі жақты өзара экстремизмге қарсы бірлесе әрекет етудің жоспары жасалды.Орталықтың дінтанушы, теолог мамандарына арналған біліктілікті арттыру курстары мен тағылымдамадан өткізу мәселесі қарастырылды.

Бұл бірлескен жобалар Жетісу өңіріндегі діни тұрақтылық пен түрлі жат ағымдардың теріс іс-әрекеттерінің алдын алуда септігі мол деген сенімдемін,-дейді «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының» директоры Тимур Нүсіпханұлы.

Сондай-ақ «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Досан Қызайбекұлымен кездесіп, университет ғалымдарының әлеуетін жалпы халыққа тиімді ұсынатын бағдарламалар жасау мәселесі де талқыланды.

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

1 503