АЛҒАШҚЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ХАДИС ЖАРЫСЫ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН АНЫҚТАДЫ

Нұр-Мүбарак университетінде еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисін жатқа оқудан ақтық сайыс өтті.

Нақтырақ айтқанда, «Имам Науауидің таңдаулы 40 хадисі» бойынша жарияланған республикалық білім бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен 700-дей адам ниет білдірген. Соңына дейін 300 үміткер жеткенімен, ақтық сынға 37 адам іріктелді. Финалистер Нұр-Мүбарак университетінде арнайы ғалымдардан құрылған комисия алдында сынға түсті.

Сайыс беташарында университет ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат  Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғибратты өміріне тоқтала келе, хадис жаттап, оған амал етудің артықшылығын айтып, барлық үміткерлерге сәттілік тіледі. Ақтық сын 4 сатыдан тұрды:

  1. ҚАЗЫНАЛЫ ҚОБДИША(таңдаған ұяшықтағы хадистің арабша, қазақша мәтінін қатесіз, шатаспай, жеткізушісін айту);
  2. ХАДИС ҒҰРПЫМЫЗ!(Билеттегі хадис санына байланысты хадисті айтып, соған сай мақал-мәтелдер айту керек);
  3. КІМ ЖЫЛДАМ?!(Kaxoot  бағдарламасы арқылы тест тапсыру, әр сұраққа 3-5 сек, басып үлгермесе қате болып есептеледі. Аз ұпай жинаған қатысушылар келесі турға өтпейді)
  4. «ТІЛ ЖҮЙРІК ЕМЕС, ОЙ ЖҮЙРІК»(Қазылар алқасы айтқан хадисті, түсіндірмесін, шархын ашық, 3 минутта ойын нақты жеткізіп беру).

Сонымен, 7 орын жеңімпаздары анықталды:

1-орын Жантөре Алтынай – 200 000 теңге;

2-орын Қасымханова Айгерім – 150 000 теңге;

3-орын Дашын Жаңагүл – 100 000 теңге;

4-орын Болат Ақзада – 50 000 теңге;

5-орын Жақипов Бағдаулет – 40 000 теңге;

6-орын Қадыр Айбек – 30 000 теңге;

7-орын Жанысбаев Рауан – 20 000 теңге.

Сондай-ақ қосымша 14 ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Хадис жарысын ұйымдастырушылардың бірі Нұр-Мүбарак университетінің аға оқытушысы, Имам ән-Науауидің «Қырық хадис» еңбегін қазақшалаған автор, PhD доктор Азамат Жұмашев үміткерлер жан-жақтан болғанымен, соңғы ақтық сынға суырылып шығып, жеңіске жеткендер университет студенттері екенін атап өтті.

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

974