Нұр-Мүбарак университеті мен Әбу Ханифа медресе колледжі ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Нұр-Мүбарак университетіне арнайы келген Әбу Ханифа медресе колледжінің директоры Құлмухаммед Маханбет бастаған делегацияны ректор, профессор Мухаммад Аш-Шаххат қабылдады.

Алматы қаласы жан-жақты білім алуда зор мүмкіндік мекені. Осыны біз медресе колледж шәкірттеріне түсіндіріп бағамыз. Біздегі үлкен мүмкіндік Нұр-Мүбарак университеті деуге болады. Сондықтан еліміздегі бірегей ислами білім ордасының ғалым, ұстаздарымен жиі сұхбаттасып, дәріс өткізсек деген көптен бергі ниетіміз,-деп Әбу Ханифа медресе колледжінің директоры Құлмухаммед Маханбет негізгі мақсаттарын алға тартты.

Сондай-ақ медресе колледждегі бірқатар ұстаздардың университет түлектері екенін айтқан Құлмұхаммед Маханбет олардың білім мен тәліміне өте жоғары баға берді. Ректор, профессор Мухаммад Аш-Шаххат мырза құрметті қонақтардың мақсаттарына қолдау білдіріп, өте орынды екенін айтты.

Медресе колледж ұстаздары біздің университетте магистрлік білім бағдарламасын жалғастыруға кеңес берер едім. Біздің ғалымдар, ұстаздар Сіздерге кездесу, дәрістерге барса, әрине нұр үстіне нұр,-деді ректор Мухаммад Аш-Шаххат мырза сөз барысында.

Қос тарап өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қойды. Енді осы келісім негізінде ақпараттық бағыттағы және білім беру саласындағы серіктестік пен ынтымақтастықты нығайту, қысқа және ұзақ мерзімді тағылымдамалар, кәсіби (оқу-өндірістік, зерттеу, диплом алдындағы, педагогикалық) практикалар ұйымдастыру, өзара қызығушылық тудыратын салаларда жоғары білімді ғылыми-педагогикалық кадрлар мен мамандарды даярлаудағы ынтымақтастық. Оқу-әдістемелік жұмыс бойынша дәріс оқу, тәжірибе және ақпарат алмасу үшін Тараптар өкілдерін шақыру секілді іс-шараларды жүзеге асырмақ. Іс-әрекеттер сегіз бапқа негізделген. Бұл бастама ең бастысы елімізге білімді де білікті дін мамандарын даярлауда маңызы зор деген сенім мол.

Айша КЕҢЕСБАЙ

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

2 011