Нұр-Мүбарак университетінде «Жусан» операциясымен оралғандарға арналған курс өтті

Нұр-Мүбарак университетінде «Жусан» операциясымен оралғандарға арналған курс өтті

Атырау облысы әкімдігінің Дін сітері басқармасы мен Нұр-Мүбарак ЕИМ университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Жусан» гуманитарлық операциясымен елге оралған азаматшалардың бір тобы арнайы курстан өтті. Атыраудан Алматыға ат арытып келген топ алдымен Нұр-Мүбарак университетінің кешенін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты.

Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы жасаған екі күндік бағдарламада курсқа келушілердің жатын орын, ас мәзірі, қаланың қонақжай орындарын аралау шаралары қамтылған болатын. Орталық директоры Тимур Нүсіпханұлы «Зайырлы қоғамдағы мұсылман әйелінің тұлғасы» тақырыбындағы оқыту курсында өзекті тақырыптар қамтылуына мән бергенін жеткізді.

Алғашқы дәрісті жүргізген ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад әл-Жинди исламдағы әйел құқығы, орны мен мәртебесіне тиянақты тоқталды. Тақырыпқа сай аят пен хадистерді түсінудегі көпшілік арасында кездесетін қате-кемшіліктердің ара-жігіне тоқталды. Профессор ғалымның дәрісі жусандық азаматшаларға ерекше ой салғаны аңғарылды.

Ал PhD доктор, доцент Шамшәт Әділбаева «Əйелдің көркі – көркем мінез» тақырыбында мұсылман әйелінің бойына қажетті мінез-құлықтардың жай-жапсарына тоқталды. Сондай-ақ оқытушылар PhD доктор, психолог Әлия Төлегенова «Исламдағы әйелдің психологиялық тыныштығы», докторант, психолог Шұғыла Дуанаева «Әйелдің психологиялық құндылығы, шекарасы», оқытушы магистр Айгерім Калкаева «Исламдағы иман ұғымын түсінудің себептері», докторант Жадыра Сариева «Отанды сүю иманнан», магистр Айша Кеңесбай «Тұлғалық даму» тақырыбында дәріс өткізді.

Теолог магистр Тимур Нүсіпханұлы атыраулық ілім алушылармен жеке сұхбат жүргізіп, дәріс өткізді. 15 сағаттық дәріс қамтылған курсқа қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етіліп, естелік сыйкәделер жасалды.

Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы жусандықтарға арнап осымен екінші рет арнайы курс өткізуде. Алғашқы курс Алматы облысының «Жусанмен» оралған азаматшаларына арналған еді.

1 664