НҰР-МҮБАРАК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БІР АЙЛЫҚ КУРСҚА ҚАТЫСҚАН ТЕОЛОГТАРҒА СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ

Бүгін «Исламдық бағыттағы деструктивті және радикалды діни идеологияны ұстанушыларды радикалсыздандыру және оңалту саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру курсы» өз мәресіне жетті. 

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетімен бірлесіп өткізген курсқа еліміздің әр аймағынан діни салаға тікелей қатысы бар мамандар, яғни имамдар, теологтар және басқа да, жалпы 64 маман қатысты. Қазіргі кезеңде теологтар үшін аса қажет мәселелерді қамтыған 15 пәннен тұратын курс 15 маусымда басталып, 140 академиялық сағат шілде ортасында аяқталды.

Дәріс берушілер Нұр-Мүбарак университетіндегі білікті оқытушылар, сондай-ақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясы мен республиканың жетекші оқу орындарының осы салада танымал арнайы шақырылған білікті мамандары жүргізді.

Сертификат тапсыру салтанатында проректор, доцент Қайрат Құрманбаев:

  • «Барлық сала әрдайым, жетілдіріліп, дамып отыру керек. Өйткені уақыт өте әртүрлді сын-қатерлер туындай береді. ҚР АҚДМ ұйымдастыруымен, басқа да аймақтық діни мекемелер ұйымдастыратын курстарға мүмкіндігінше қатысып, біліктілігімізді арттырып отыру қажет. Сондықтан бұл ізденумен тоқтап қалмаңыздар,»-деп өз пікірін білдірді. Ал курсқа БҚО-дан келген теолог бас маман Ансар Маннапов: «Курсты тыңдаушылар атынан ұйымдастырушыларға, яғни ҚР АҚДМ, Нұр-Мүбарак университететі, дәріс беруші ұстаздарға көп-көп алғыс айтамыз. Бүкіл еліміздің аймақтарынан келген дін саласының қызметкерлерін дұрыс үйлестіріліп, академиялық дәрістер өте пайдалы өтті. Бір ай біз үшін білімімізді дамытып қана қомай, біліктілігімізді арттырып, санамызды шыңдауға барынша мүмкіндіктер жасалғанын ерекше атап өткім келеді,»-деді.

Сертификат табыстау рәсімінде тыңдаушы теологтар жүрекжарды лебіздерін айтып, естелік суреттерге түсті. Бірі террологияға қатысты пәнді ерекше атап өтсе, енді бірі хадис ілімі, бірі Құран мәтінін түсінуге қатысты дәрісті, енді бірі радикализацияның саясилануына қатысты тақырыптар, риторика сабақтарын атауда. Ұйымдастырушылар қатысушылардың пікіріне сай, болашақтағы арнайы курс пәндері де жан-жақты жетілдірілетінін жеткізді.

1 002