ЖЕТІСУЛЫҚ ИМАМДАР АРНАЙЫ КУРСҚА ҚАТЫСТЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы облысындағы 200-ден астам имамы деструктивті діни ағымдар идеологиясына қарсы насихат және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тәжірибесін шыңдауға арналған арнайы курстан өтті.

Алматы облысының дін істері басқармасы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, «Жастар жолы» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған екі күндік онлайн курсында облыстық «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» директорының орынбасары Сағыныш Жаңабай мен ҚМДБ Алматы аймағы бойынша бас имамы Қуаныш Наржанов алғысөз сөйлеп, сәттілік тіледі.

«Дәрістер мешіт жамағатының арасында кездесетін деструктивті діни идеологияның алдын алу, теріс бағытта жүрген азаматтарға ҚМДБ-ның «Жеті рухани қазық» Рухани Тұғырнамасы тәлімдік құжаты мен «Зияткер имам» құжаты негізінде дін мәселелерін түсіндіріп бере алатын және ДДА ұсытанушыларымен оңалту жұмысын жүйелі атқаруға білікті имамдар корпусын қалыптастыру, интернет кеңістікте қарсы насихаттау жұмыстарын жүргізу секілді күнделікті маңызды тақырыптарға нақты ғылыми жауап беруге негізделген»,-дейді Нұр-Мүбарак университетінің Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Тимур Нүсіпханұлы. Яғни Асқар Әкімханов «Имам матуридидің жат ағымдармен күрестегі ғылыми әдіснамасы», Ризабек Батталұлы «Діннің негізі үш концепциясы», Нұржан Смағұлов «Шариғаттағы сұхбат жүргізудің әдіс-тәсілдері», Тимур Нүсіпханұлы «Сәләф және сәләфизм танымы, тарихы, күніміздегі көріністері»», Жалғас Сандыбаев «Имамның тұлғалық келбеті», Ернар Есімқұлов «Діни конфликтің себептері мен алдын-алу жолдары» тақырыптарында дәріс оқыды. 

Сондай-ақ курс мақсаты – дін саласын реттеуге бағытталған бірқатар заңнамалық актілерді орындау, жамағат арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» қалыптастыру мен туындайтын өзге де діни мәселелерді шешуге ықпал ете отырып, жамағатқа жете түсіндіруде имамдардың үйлесімді қызмет атқаруын қамтамасыз ету.

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

1 144